Жасы ұлғайған адамдарға көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту керек - профессор Ж. Абылайұлы

АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Адам жасының ұлғаюы мен оларда жыл өткен сайын пайда болатын дерттерді анықтап, нақты диагноз қоя отырып емдеп, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасай отырып, қоғамға қосатын үлестерін пайдалану керек.

Бұл жайында кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор, медицина ғылымының докторы Жангентхан Абылайұлы конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта адамның 120 жасқа дейін толық өмір сүре алатын мүмкіндігі бар екендігі анықталып отыр. Ол үшін адам өз денсаулығына мән беруі керек және мемлекет тарапынан да қамқорлық қажет. Герантология деген - адамның жасы ұлғайған кезде белсенді өмір сүруін тексеретін ғылым. Герантология жалғыз ғана медицинадан тұрмайды, оны биологиялық, әлеуметтік тұрғыдан қарастырған жөн. Көп жағдайда жасы ұлғайған адамдар өз ортасынан шеттеп қалады. Мұндай кезде оларға әлеуметтік тұрғыда көмек көрсету керек. Одан кейін биологиялық сағаты да дұрыс істемейді, соны жөндеу керек», дейді Ж. Абылайұлы.

Сондай-ақ ол Қазақстан бойынша тек жеті герантолог маман бар екендігін және оларды дайындайтын орталықтардың жоқтығын айтады. «Медициналық білім беретін ЖОО-да осы сала бойынша білім беретін арнайы бөлімдер ашу қажет. Сонымен қатар герантологиялық клиникалар болу керек. Өйткені дүниежүзі бойынша егде адамдар саны көбейеп келеді. 2020 жылы Қазақстанда жасы ұлғайған науқас адамдардың саны 5 миллионға жетеді деп күтілуде. Олардың саны көбейген сайын оған деген көмек те ұлғая бастайды. Сол үшін герантологтарды дайындауды осы бастан қолға алғанымыз жөн», деп атап өтті профессор.