Жасыбай батыр Өмірұлы
Шежіре деректерінде Жасыбай батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де сондықтан. Жасыбай екі ағайынды, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі болған. Жасыбай батыр Баянауыл өңірін қалмақтардан азат етуде үлкен ерлік көрсеткен.
Жасыбай батыр жөнінде орыс ғалымы Н.Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұматтар берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан.
Ол - жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан қаза болады. Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай батыр бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады» (Н.Я.Коншин).
«Олжабай батыр» жырында:
«Келген жол мен шұбырып,
Есепсіз жолда қырылып,
Баян тауын жанапты,
Қайқайып садақ тартқанда,
Қалмақтың тиіп сұм оғы,
Жасыбай қалды жығылып» - деген жолдар бұл мәліметтерді растайды.
Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан Жасыбай батырдың есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына - «Жасыбай асуы», Шойынкөліне - «Жасыбай көлі» деген ат берді. Ол жерлер қазір де солай аталады.
Баянауылдағы Жасыбай асуы бойына қойылған батыр моласын кезінде этнограф-ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов сипаттап жазып кеткен болатын. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның пайымдауынша, 1741 жылы Баянауылда болған шайқаста Олжабай, Жасыбай жасақтары жоңғарларды талқандайды. Жасыбай оққа ұшқан соң, Олжабайдың қалмақтарды тегісімен жойған бір тау «Қалмаққырған» атанады. Ендеше 25 жасында қаза тапқан Жасыбай батыр 1716 жылы дүниеге келген деп жорамалдауға болады.
Дерек көздері:
А.Сейдімбек, «Елтұтқа» кітабы
А.Нухұлы «Баянаула перзенттері» кітабы