«Жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасын таппақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер-Анаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды жақсартып, тазартып тұратын тіршіліктің сәні ол жасыл желекті орман белдеулері екені баршамызға аян. Алайда еліміз орманға бай емес. Оның басты себебі жеріміздің негізгі бөлігі құрғақ, жартылай шөл, шөлді аймақтарда орналасқандығы. Ал орман ағаштары негізінен ылғалды жерлерде қаулап өсетіні белгілі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика аумағындағы Ормандар және бұталар алып жатқан көлем 21,6 млн. гектар. Бұл Қазақстан жерінің 4,2 пайызы ғана екен. Бірақ жеріміздің табиғи ерекшелігі осындай екен деп қол қусырып отыра беруге тағы болмайды. Бүгінгідей техно­логиялардың, ғылымның дамыған ғасырында шөл даламыздың өзіне әдісін тауып орман ағаштарын отырғызып, жайнатып қоюға болады. Мәселен, Астана қаласы аумағындағы орман белдеулері осының айқын дәлелі. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл орманды алқаптар қазіргі таңда кең қанат жайып келеді.

Жуырда Мемлекет басшысы осы орманның өсу жағдайымен танысып, оны әрі қарай дамытуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Елбасы алдымен елор­да айналасындағы жасыл аймақ­ты әуеден тікұшақпен шолып шы­ғып, Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту және орман­ды алқап қалыптастыру жұмыс­тары­ның барысымен танысты.

Бұдан кейін Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде 1997 жылдан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елорда айналасына егілген жасыл желектің ауданы бүгінде 70 мың гектарға жеткенін атап өтті. - Бір кездері біздің бұл жоспарымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, - деп атап өтіп, орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Алдағы жылдары «Жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасатынын таппақ. Елбасы барған сайын кеңейіп келе жатқан Астана орманын біз мақтаныш етуімізге болатынын, 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылып отырғанын тілге тиек етті. «Осының бәрі Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл жолы да жылдағы дәстүр бойынша орман алқабына қырғауылдар ұшырылды. Бүгінде елорданың жасыл белдеуінің жалпы аумағы 14827 га, оның 11500-і - орман алқабы, ол жерде 9,6 миллион ағаш пен 2 миллионға жуық тал-теректер өсіп-өнуде. Бұл аумаққа 2014-2015 жылдары 776340 көшет отырғызылса, 2016 жылы тағы 353560 көшет егілмек. Мамандардың айтуын­ша, 2017 жылдан 2030 жылға дейін 9820 га жер аума­ғына орман ағаштарын отырғызу көзделіп отыр. Бұл жұмыс ықтырмалы аумақ то­лықтай орманды жерге айналғанша жүргізіледі екен. Бұдан кейінгі кезекте қала аума­ғын­дағы бос жерлерге орман алқабын қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. ЭКСПО-2017 көрмесіне дай­ындық аясында елорданың «жасыл белдеуін» дамыту үшін рекреациялық аумақтарды жасау да назардан тыс қалмайтын болады. Қазіргі уақытта 25 га аумақты құ­рай­тын бір жоба бойынша спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, дема­лыс орталықтары, ресторан, 320 көлік­ке арналған автотұрақ жасау қарасты­рыл­ған. Ал 100 га құрайтын тағы бір аумақ­та ат спорты кешенін орналастыру көз­деліп отырған көрінеді. Онда отбасы­лық демалыс орталығы, аквапарк, 288 орындық балалар лагері, жастар демалыс орталығы болады. Мамандардың сөзіне қарағанда, бү­гінде орманды алқаптардың санитарлық жағдайы көңілге қонымды. Онда бірнеше бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Көшеттерді зерттеу арқылы егілген ағаштардың, тал-шіліктердің зиянкес жәндіктер салдарынан қаншалықты деңгейде зақымданғаны немесе жерсініп қалыптасқаны анықталады. Бұл күні Мемлекет басшысы Астананың «жасыл белдеуін» дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев қатысты. Кеңеске қатысушылар былтырдан бергі екі аралықта істелген жұмыс қорытындылары мен елорданың жасыл белдеуін әрі қарай дамыту қадамдарын талқылады. Ол үшін 2020 жылға дейін негізгі үш бағытта жұмыс жүргізу жоспарланған. Олар - қалыптасқан ай­мақтардағы жасыл желектің тығыз­дығын арттыру, қала аумағындағы бос жерлерге ағаш отырғызу, демалыс орындарын қалыптастыру. Жиын барысында Нұрсұлтан Назар­баев «жасыл белдеу» қалыптастыру барысындағы үйлесімді жұмысты қам­тамасыз ету, ғылыми тәжірибені қолдану, жаңа технологиялар енгізу, қала аумағы мен оның сыртындағы орман алқаптарын қосу маңыздылығына назар аударды. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Елбасы Астана қаласында өткен «Муз-ТВ 2015» сыйлығын тапсыруға арналған кешке қатысты. Әлемнің көптеген елде­рінен жиналған белгілі әншілер ән бай­қауын­да өз өнерлерін ортаға салды. Айта кетуіміз керек, мұндай ауқымды шара Қа­зақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевқа «Өмірді өркендетуге қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша арнайы сыйлық тапсырылды.