Жасыл белдеу елорданы көркейте бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бас қаласының «жасыл белдеуі» 14 мың 800 гектар аумаққа жайылып жатыр. Ал алдағы 10 жылда тағы да 6 мың гектарға артпақ. Жалпы бар ағаштың 50 пайыздан астамы - қылқан жапырақты, қалғаны - емен мен жиде. Мұнда флора мен фауна қатар дамыған.

Мәселен, 6 жылда Астана іргесіндегі орманға 7 мыңнан астам құс жіберілген. Бұл өз кезегінде ағаштардың зиянкестерден арылуына септігін тигізсе, мол жасыл желек жиектегі мегаполисті оттегімен қамтып отыр. Бүгін осы «жасыл белдеуді» жылдағы дәстүрмен Елбасы көріп қайтты. Алдымен орманды аралап, одан соң ағаш түрлерін көбейтудің негізгі үш бағытымен танысты.

Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Астананың жасыл белдеуін - елорданы қоршап жатқан орман алқабын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Қазақстан Президенті орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көріп, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды, сондай-ақ «жасыл аймақты» дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарлары туралы хабардар болды.

Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 1997 жылдан бастап отырғызылған орман алқабының көлемі 80 мыңға жуық гектарға жеткен, жас ағаш көшеттеріне үнемі бақылау жасалып, кәсіби мамандардың қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов қатысты.

Астана маңындағы жасыл аймақ экотуризм мен спорттық демалысты дамытуға игі ықпал етуде. Қосшы мен Ильинка кенттері арасында 23 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынған. Қала әкімшілігі Астана айналасындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Қазақстан Президенті бүгінде Астана маңындағы 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғызылғанын және 2020 жылға қарай оның аумағы 100 мың гектарға жететінін атап өтті.

«Жасыл белдеуде» ағаштың сан түрі өседі. Сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, терек, тіпті алма мен шиеге дейін бар. Бұл талдар тұқымдастарының бір жерге бейімделуі өте қиын. Сондықтан мамандар жұмысты ғылыммен ұштастырған. Әуелі көшеттер зертханаларда сұрыпталып, жылдан астам уақыт бапталады. Кейін тамырын жаюға бейімдері далаға егіледі.

Н.Назарбаев «жасыл желектегі» жан-жануарлар мен өсімдік әлемінің әртүрлілігіне назар аударып, ағаш егуді көбейту жөніндегі жоспарлар туралы айтты. Ғалымдар мен орманшыларға атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, жасыл желекті «еліміздің тынысы» деп атады. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті қала маңындағы орман алқабы елорданың қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Адамдар осы жерде қанша жыл өмір сүрсе, орманымыз да сонша уақыт тұрады. Бұл - еліміздің байлығы. Астанада «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Ол «жасыл дамудың» қағидаттары мен идеясын ұстанатын қала ретінде Астананың имиджін нығайтуға септігін тигізеді. Елорда ішіндегі саябақтар да белсенді түрде жақсартылуда", - деді Н.Назарбаев.

Яғни болашақ ұрпақты, өз елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеп өсіруде табиғатты сақтаудың және туған жерді құрметтеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Елбасы елорданың айналасындағы жасыл аймаққа қырғауылдар мен еліктер жіберудің дәстүрлі шарасына қатысты. Сондай-ақ іс-шара соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.