«Жасыл дәліз» жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстанға 30,3 млн. АҚШ доллары сомасында көкөніс әкелінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 23 желтоқсаннан бастап қазақстан-қытай шекарасындағы «Бақты» (Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысы) және «Покиту» (Қытай Халық Республикасы СҰАА) өткізу пункттерінде «Жасыл дәліз» жобасы іске қосылды.

Жобаның мақсаты - Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келетін жеміс-жидек өнімдерінің тез өтуін және кедендік ресімделуін қамтамасыз ету.

Бұл жоба 2012 жылғы қыркүйекте екі елдің Премьер-Министрлерінің уағдаластығымен іске қосылды. Жобаны іске асыру ерекшеліктерін 2013 жылғы желтоқсанның басында Пекин қаласында қазақстан делегациясының ресми сапары шеңберінде Қазақстан мен ҚХР кеден қызметінің басшылары талқылады және келісті.

«Жасыл дәліз» жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстанға жалпы салмағы 25,6 мың тонна, 30,3 млн. АҚШ доллар сомасында көкөніс және жеміс-жидек әкелінді.

ҚХР-дан «Бақты» өткізу пункті арқылы өткізілетін өнімдердің негізгі көлемінің 49,4%-ын қызанақ, 22,5%-ын картоп, 1,1%-ын алма, 7,5%-ын бұрыш, 5,1%-ын баклажан, 1,1%-ын жуа және 12,2 %-ын шәрбат құрайды.

Кеден органдары өткізу пункттерінде кедендік ресімдеу уақытын қысқарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдауда. «Бақты» кеден бекетінде жағдай жасау үшін қайта құру жүргізіліп, өнімді өткізу үшін кедендік бақылаудың автоматтандырылған жаңа жүйелерімен (ТЖБАЖ, ИТҚ) жабдықталып, бұдан басқа бөлек жолақ бөлінді, ауыл шаруашылық өнімінің тоқтаусыз өтуін қамтамасыз етуіне жауапты, құзыретті ведомстволардың қызметкерлері анықталды, бұл шекарада кезекті болдырмауға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ өткізу пунктінде кедендік жүргізілетін тексеру саны «Жасыл дәліз» жобасына дейін 778 және жүзеге асырылғаннан кейін 29 тексеріске қысқарған.

«Бақты» өткізу пунктінде «Жасыл дәліз» жобасын енгізгенге дейін көлік құралдары өткізу пунктін орта есеппен 240 минутта өтетін. Қазіргі уақытта «Бақты» өткізу пунктінде кедендік тазартудың және көлік құралдарын өткізудің орташа уақыты 69 минутты құрайды.

Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарына сәйкес келеді, онда өткізу пукттерінде 2014 жылға кедендік операцияларды жүргізуге 75 минут жұмсалады деп белгіленген.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Кеден органы жеміс-жидек өнімдерін бақылаусыз өткізу ниеті жоқ. Бұған заңнамада қарастырылған кедендік ресімдеу және бақылау рәсімдері қолданылады.