«Жасыл экономикаға» көшу 2050 жылға қарай 500 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді - Н.Қаппаров

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - «Жасыл экономикаға» көшу 2050 жылға қарай 500 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Министрдің айтуынша, «жасыл экономикаға» көшу Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатына қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жалпы есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» аясындағы жаңартулар ЖІӨ-ні қосымша 3 пайызға ұлғайтып, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, «жасыл экономикаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызын құрайды. Ал бұл жылына 3-4 млрд. АҚШ долларына тең.