«Жасыл ел» бағдарламасы биылғы маусымның қорытындысын шығарды

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Жасыл ел» және «Жол картасы» бағдарламалары бойынша республикада 22 мың 500 жас жұмыспен қамтылды.

Бұл көрсеткіш бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының V маусымының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым министирлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиевтің айтуынша, «Жасыл ел» бағдарламасының биылғы жылғы маусымы қазан айының алдағы 19-22 күндері аяқталатын болады. Бүгінгі күні «Жасыл ел» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында 380 еңбек жасағы құрылып, 22500 жас жұмысқа орналастырылды. Олардың атқарған жұмыстарының жалпы көлемі 12500 гектар. Орташа еңбекақы айына 35 мың теңгені құрады.

«Жастарды жұмысқа алу кезінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға басымдық беріледі. Биылғы жылы еңбек жасақтарының 25 пайызы ауыл жастарынан құралды және әр аймақта олардың саны 560-тан астам болды», - деді ол.

Ресми өкілдің атап көрсеткеніндей, шілде айының ортасында «Жасыл ел» сарбаздары ПИК және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Таза аула, таза кіреберіс» республикалық акциясын өткізді. Үш күн ішінде 2 мың жас 121 нысанды тазартып, абаттандырды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында құрылған жасақтар, Семей қаласындағы Қарттар және мүгедектер үйіне қарасты ауданды тазарту және көгалдандыру бойынша көмектерін көрсеткен. Ал Талдықорған қаласында өткен «Жасыл елдің бір күні» қайырымдылық акциясы барысында сарбаздар зейнеткерлер мен ардагерлерге үй тұрмысына қажетті жұмыстарды атқарған.

Айта кету керек, «жасыл елдіктер» төрт жарым жыл бұрын Ақмола облысының 0,34 гектар жерінде «Жасы елдің» шағын-питомнигі» экологиялық жобасын жүзеге асыра бастады. Бүгінде бұл аумақта емен, шырша, үйеңкі, бүрген, барлығы 6300-ге жуық 60 түрлі ағаш пен бұта өседі.