«Жасыл ел» бағдарламасына креативті бағыт қажет – Атырау облысы әкімінің орынбасары

Фото: gov.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Жасыл ел» бағдарламасына креативті бағыт қажет. «Көшет егу» ұғымымен шектелмей, жастарды өзге де салаларға тарту қажет. Мұндай пікірді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, кез-келген жоба нақты бір мәселені оң шешуге бағытталуы керек. Мәселен, нашақорлық, лудамания, экология, әсіресе, «Тиімсіз тұтыну» мәселесін шешу үшін жаңа жобалар ұсынған жөн.

«Ал, «Жасыл ел» бағдарламасын трансформациялап, тек «көшет егу» ұғымымен шектелмей, креативті бағыттарды ашуға тиіспіз. Жастарды археологиялық, педагогикалық, құрылыс салаларына тартып, жазғы лагерьлер аясында жұмыс істеуін ұйымдастыру қажет», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиеваның мәліметінше, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына жастар уақытша жұмысқа орналасады. Алдағы жылы аталған жобаға облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлу жоспарланған.

«Бұл жобаның мақсаты – жастарды еңбек жасақтарының маусымдық жұмыстарына тартып, бос уақытын тиімді өткізу, олардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Келесі бұл жұмыстарды іске асыру үшін 150 млн теңге бөлінеді. Ал, талантты жастарды қолдау, «Көңілді тапқырлар клубы» қозғалысын дамытуға 15 млн теңге бөлу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Әйгерім Досқалиева.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, балалар әдебиетін дамыту, жас буынның қызығушылығын ояту мәселесіне ден қажет. Осы орайда «Ертегі – даналық айнасы» атты республикалық ертегі байқауын ұйымдастыруға 14 млн теңге бөлу қарастырылған.

Еске сала кетелік, Атырау әкімі ескерткіш маңында көгершіндерге нан қалдығын шашпауды ұсынғанын жазған едік.