«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін қайта салу жобасы жол өтетін өңірлерде ғана емес, бүкіл республика көлемінде үлкен қызығушылық тудырып отыр. Жобаны жүзеге асырылуы басталғалы құрылыс жұмыстарына 34 мың адам тартылған болатын. Енді «ғасыр құрылысын» іске асыруға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да қатысатын болды. Бұл өткен айда қол қойылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы» жекеменшік мекемесі мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумда бекітілген.
Дәлірек айтқанда, биыл студенттердің жазғы демалысы кезінде құрылыс жұмыстарына 400-дей жастар тартылады. Осыған орай, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 4 облыстағы Автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттеріне «Жасыл ел» мүшелерінің жұмысын ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді.