«Жасыл ел» сарбаздары студенттік құрылыс жасақтары қозғалысының 50 жылдығын атап өтпек

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Жасыл ел» республикалық штабы қазанның 19-22-сі күндері Петропавл қаласында студенттік құрылыс жасақтары қозғалысының 50 жылдығын атап өтеді.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты және тәрбие жұмысы департаменті бастығының орынбасары Мәдияр Қожахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мерекелік іс-шара Петропавл қаласының М.Жұмабаев ауданында (бұрынғы Булаев ауданы) өтеді. «Оған Қазақстанның барлық өңірінен жастар еңбек жасақтарының ең үздік 200 сарбазы, аталмыш қозғалыстың ардагерлері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатын болады. Сондай-ақ осы күндері айтулы датаға арнап ескерткіш қоюды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

М.Қожахметтің айтуынша, 1959 жылы дәл осы Булаев кентіне тұңғыш рет М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттік құрылыс жасағы (СҚЖ) аттандырылған және осы жерден СҚЖ-ның тарихы басталады. Булаев кентінде СҚЖ мен кеңшар басқармалары арасында алғашқы келісімдер жасала бастайды.