Жиырма жасында шаршы алаңда қарсыластарына есе бермей есеңгіретіп, Олимп шыңын бағындырған дарабоздың рухына тағзым ету мақсатында «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің мүшелері еске алу кешін өткізді. Бұл туралы бірлестіктің баспасөз бөлімінен Мырзахан Байболов хабарлады, деп жазады Baq.kz.
Басқосуда алыптарды алқындырған аламанда алтыннан алқа тағынып, көк байрағымызды биікте желбіреткен өрен жүйріктің спорт әлемінің табалдырығын аттауынан бастап, Сиднейдегі ақсарбас айтқызып, ақ түйенің қарны жарылған, қуаныштан көздің жасын ыршытқан тарихи сәтке дейінгі жеңісті жолы байыппен баяндалды.
Көрнекті режиссер Сатыбалды Текеевтің «БЕКЗАТ» деректі фильмінің назарға ұсынылуы - келелі кештің маңызын кемерінен асырды. Бәйшешек ғұмырлы батырдың былғары қолғапты өнердің сиқырына елтіген бозбала шағынан ұлт мерейін тасытып, өшпес даңққа кенелген кернеулі кезеңі мен қабырғаны қайыстырған қазасына дейінгі мерзім шебер суреттелген деректі дүниені тапжылмай тамашалаған жастар батыр Бекзаттың өзімен жүздескендей ғажайып бір күй кешті.
Айбынымызға айналған арда азаматымыздың көзін көріп, араласу бақыты бұйырған замандастары, түркістандық білімгерлер Жамбыл Ералиев, Ерлан Алашбаев пен Нұржан Абишевтер тебіреніске толы естеліктерін ортаға салды. Дінмұхаммед Әметбек болса, Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқынын» нақышына келтіре шертіп, көңіл пернелерін дөп басты.
Марқұмның рухына құран бағыштаумен қорытындыланған тағылымды кештен соң сайыпқыран саңлақтың күрделі болмысы айқындала, ересен ерлігіне қапысыз құрмет еселене түсті.