Жасырын бейнекамералар қылмыстық іске жатқызылды ? Оңтүстік Қазақстан облысы
19:11, 12 Қаңтар 2009
ШЫМКЕНТ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жасырын бақылау бейнекамераларын заңсыз сату дерегін анықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шымкенттегі «Мега Сервис» ЖШС-ның «Юником» дүкенінің директоры қылмыс үстінде қолға түсті. Ол микрофондармен жабдықталған екі шағын бейнекамераны 90 мың теңгеге сатқан. ҰҚК департаментінің қызметкерлері қоймаларды қарап шықты. Онда осындай шағын бейнекамералар өртке қарсы дабыл құрылғысы ретінде жасырылған. Сондай-ақ автоқалам түріндегі 4 аудиобейне жазу құрылғысы тәркіленді. Осы деректер бойынша «Хат алысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф және басқа да хабарласу құпиясын заңсыз бұзғаны үшін» бабымен ұсталған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылы ҰҚК органдары кейбір коммерциялық құрылымдар мен жеке тұлғалардың өз мүддесі үшін 300 арнайы техникалық құралды заңсыз пайдаланғанын анықтады. Осындай бұйымдарды заңсыз пайдаланғаны, әкелгені және өткізгені үшін 33 қылмыстық және 5 әкімшілік іс қозғалды.