Жат жұртқа жасырынғандар: Қашқын күдіктілер елімізге қалай қайтарылады
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылдың ішінде елімізде қылмыс жасау күдігіне ілініп, шетелге бой тасалаған 300-ге жуық адам экстрадицияланды. Дәл осындай деректі агенттіктің ресми сауалына орай Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынып отыр.
Кімдерді іздейді және қалай?
2025 жылдың 8 маусымындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда 2 158 адамға іздеу жарияланған. Олар - жауап алудан, тергеуден, соттан, сондай-ақ жазасын өтеуден не пробациялық бақылаудан бой тасалап жүрген адамдар.
Іздеуде жүргендер қатарында құқық қорғау органдары қандықол қарақшылық, алаяқтық және өзге де қылмыстарға қатысы бар деп есептеген күдіктілер бар. Егер іздеуде жүрген адамдардың құрылымына көз жүгіртсек, ол былай түзіледі:
- 253 адам аса ауыр қылмыс жасау күдігіне іліккен: адам өлтіру, терроризм, зорлау, қару қолдану арқылы жасалған қылмыс;
- 1 437 адам ауыр қылмысы үшін: тонау, қарақшылық, ірі көлемде алаяқтық жасау;
- 315 адам орта ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін;
- 154 ұрлық пен кішігірім бұзақылықты қоса алғанда адам орташа ауырлықтағы қылмыстық іс-әрекет жасағаны үшін.
Іздеу географиясының ауқымды болуына қарамастан құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілген жұмыс жемісін де беріп отыр. Осы жылдың басынан осы уақытқа дейін 885 іс жабылды. Оның 850-інде күдіктілер анықталып, қолға түсті. Ал тағы 22 факт бойынша қылмыстық іс қысқартылса, тағы 13-інде іздеу ісін қозғау туралы қаулы жойылды.
Жыл басында іздеуде жүрген күдіктілердің жалпы санының 41 пайызы қай жерде жүргені анықталды. Алайда, қылмыс та жаңа жағдайға бейімделіп, қашқын күдіктілер шетелде бой тасалауға тырысады. Олар өздерін іздеу қиынға соғатын елдерді таңдайды, ал экстрадициялау жергілікті заңдардың күрмеуі көп күрделі рәсімдеріне байланысты кешеуілдеп жатады.
Бүгінде Қазақстаннан тысқары аумақта 520 азаматымызға іздеу жарияланған.
Бұрындары күдіктілер негізінен ТМД елдеріне қашып кететін. Ал 2024 жылдан бастап олар бой тасалайтын елдер географиясын айтарлықтай ұлғайта түсті. Қазақстанның күштік құрылымдары күдіктілерді әлемнің әр қиырынан – Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан бастап Колумбия мен Доминиканға дейін індетіп іздеп тауып жүр. Күдіктілердің бой тасалайтын елдер тізімі мынадай: Ресей, Түркия, Қытай, БАӘ, Польша, Германия, Израиль, Ұлыбритания, Испания, Швеция, Чехия, Италия, Литва, Армения, Әзербайжан, Украина, Грузия, Бельгия, Греция, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеті.
Қашқындарды тауып елге қайтаруда Интерпол көп көмек көрсетеді. Ол мемлекеттер арасында қылмыскерлерді өзара беру туралы нақты шарт рәсімделмеген елдерге де көмек қолын созып, күдіктілерді ұстауға жәрдем беретін жаһандық ұйым саналады. Мәселен, таяуда ғана Қазақстан азаматы Комерун Республикасының аумағында ұсталып, Интерпол көмегімен елге жеткізілген еді. Ал бұл елмен Астана арасында экстрадициялау туралы екіжақты келісім жасалған.
- Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған кезде құрамына 196 ел кіретін Интерполдың барлық мүшесіне «мынадай адамға халықаралық іздеу жарияланды» деген хабарландыру автоматты түрде жіберіледі, - дейді Интерполдың Қазақстандағы Ұлттық орталық бюросының басшысы Мерей Мақұлжан Jibek joly телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасына берген сұхбатында.
Бұл хабарландыру шекара, көші-қон, полиция сынды ұлттық деректер базасына түседі. Осыдан кейін күдіктіні анықтау тетігі іске қосылады. Дәл осындай жайт Камерунда да болған.
- Олар өз деректер базасына енгізіп, шекара арқылы тіркелуі, елге кіруі сынды жайттарды тексере бастайды. Осылайша, біз іздеудегі адамды анықтадық, - деді спикер.
Күдік Камерун аумағында, Орталық Азиядан шыққан босқындар әдетте бара бермейтін елде қолға түсті. Дегенмен, Бас прокуратура жедел түрде оны беру туралы өтінім жолдады. Камерундық тараппен келісімге келгеннен кейін Қазақстанның арнаулы экстрадициялық топ құрылып, оның құрамына Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының өкілдері кірді. Олар күдіктіні елге алып келу үшін Камерунға аттанды. Қашқын елге жеткізілгеннен кейін уақытша ұстау орнына қамалды. Дәл осы жайт сот әділдігінің орындауына ешқандай кедергі болмайтындығын көрсетсе керек.
Кімді және не үшін Қазақстанға қайтарады?
Үш жүзге жуық адам – соңғы бес жылда Қазақстанға басқа елдерден экстрадицияланған қылмыстық іс фигуранттары. Географиясы ауқымды, күту уақыты әр түрлі, бірақ түпкі мәні бір: мемлекет шетелде жүріп жауапкершіліктен жалтаруға үміт артқандарды табандылықпен елге қайтарып жатыр.
Бас прокуратураның ресми деректеріне сәйкес, 2020 жылы елге – 56, 2021 жылы – 34, 2022 жылы — 50, 2023 жылы – 55, 2024 жылы — 67, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 27 адам қайтарылды. Бес жылдағы жалпы сан – 289.
- Шет мемлекет экстрадициялау туралы мәселені халықаралық шарттарға және ұлттық заңнамасына сәйкес қарайды, - деді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті.
Тәжірибе көрсеткендей, негізгі кедергі - көбінесе экстрадициялау туралы екіжақты келісімнің болмауы немесе іздеуде жүрген адамның азаматтығы.
- Шет мемлекеттер әдетте, халықаралық шарттың немесе азаматтық тиістіліктің болмауы себебінен күдіктіні беруден бас тартады, - деп атап өтті комитеттен.
БАҚ-та белгілі бір қылмыскердің Қазақстанға неге берілмейтіні туралы көп жазылып жатады. Бірқатар ел Қазақстанға өз азаматтарын беруден бас тартады. Әсіресе, фигурант саяси босқын мәртебесін алып алса, процедуралар бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Ең ұзақ іздеуде жүргендер кімдер?
Еліміздің құқықтық статистика порталында кездейсоқ пайдаланушылар сирек көз салатын бір бөлім бар. Дәл осы «Іздеу бөлімі» ең ұзаққа созылған қылмыстық істердің тізімін сақтайды. Бұл - тек сандар мен фамилиялар ғана емес. Онда күдіктінің қашу шежіресі, әр есімнің артында үлкен істер, оффшорлар және жоғалған миллиондар бар.
Бұл адамдардың кейбіреуі жиырма жылдан астам уақыт бойы іздеуде. Олар құрлықтарды, аты-жөндері мен мәртебелерін өзгерткен - біреуі саяси босқын, біреуі іскерлік кеңесші. Бірақ географияның өзгеруіне қарамастан, олардың Қазақстандағы деректері ашық күйінде қалып отыр.
Мәселен, Виктор Храпунов, оның жұбайы Лейла мен ұлы Ильяс 10-13 жыл бойы қашып жүр. Ел тарихындағы ең ірі қаржылық жанжалдардың бірінің фигуранты Мұхтар Әблязовқа іздеу жарияланғанына 16 жылдан асып кетті.
Жаңа аталған бөлімге қосылған «жаңа» есімдер де бар: Қанат Сұлтанбеков, Анатолий Балушкин, Бақтияр Байсейітов. Олардың барлығына сыбайлас жемқорлық, экономикалық алаяқтық, мемлекеттік сатып алу саласында өкілеттігін теріс пайдалану сияқты айыптармен 2020 жылдан кейін іздеу жарияланған.
Бұл - толық тізім емес. Ол ондаған жылдар өтсе де, жеңу қиынға созып отырған жемқорлық пен жазасыздық сынды жегі құртты тудырғанын көрсетеді. Бірақ, мемлекет ескі қарыздарды есептен шығармақ емес. Мұны үнемі есте ұстау да қажет.
Айта кетсек, іздеу жарияланған адамдарды жасанды интеллект анықтап жатыр.