Жатақхана түрінде қайта жабдықталған үйлерде өрт шығу қаупі жоғары болады – маман пікірі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өтеді. Бұл туралы елордалық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистика көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Талдауға мән берсек, өрттердің өршу мерзімі – қысқы кезеңге сай келеді, ауа райы күрт суып, от жағылғанда өрт шығу қаупі де еселене түседі. Сондықтан 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өтеді. Мамандар тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрғындарға кеңес береді», - деді Е. Отарғалымұлы Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, басты назар әлеуметтік осал топтарға аударылады. Олардың тұрғылықты мекенжайында алдын алу жұмысы жүреді, өрт хабарлағыштарын, көміртегі тотығы датчиктерін және газ талдағыштарын орнату жұмыстары жалғасады.

Әрбір екінші өрт – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуына байланысты туындаған. Екінші және үшінші орындағы өрт – пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің бұзылуына және отпен абайсыз жұмыс істеуіне байланысты.

«Жатақхана түрінде қайта жабдықталған тұрғын үйлер де біздің алаңдаушылығымызды тудырады. Дәл осындай 1200-ден астам нысан біздің есепке алынған. Қыс мезгілінде тұруға бейімделмеген саяжай үйлерінің де өртке қарсы жағдайы алаңдатады. Себебі бұл үй-жайларда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайды, жылыту пештерінде ақау болады, эвакуация жолдары жанғыш заттармен жасалады. Сондай-ақ, онда алғашқы өрт сөндіру құралдары болмайды және өрт автоматикасы қарастырылмаған. Төтенше жағдайда мұның салдары өте қайғылы болатынын айтқымыз келеді», - деді спикер.

Сонымен бірге, әлеуметтен тыс өмір салтын ұстанатын тұрғындар, тұрғылықты мекені жоқ адамдардың жиі жүретін орындары өрт қаупі жоғары нысан ретінде қаперге алынады.

Айта кетейік, жыл басынан бері астаналық өрт сөндірушілер 3,5 мыңнан астам шұғыл шақыруға барған. Оның ішінде 194 адам құтқарылды, 222 адам эвакуацияланды, 78 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетілген.