Жатақханадан қуылған ақтөбеліктер далада түнемек
Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы кеншілер мен қарапайым тұрғындар, жастар қоныстанған жатақханаға жарты ғасырдан астам уақыт болған. Баспананың бір жақ қабырғасы сөгілуі мүмкін болғандықтан, іргесі темірмен бекітілген. Ал биыл күзде тұрғындарды толықтай үйден босату туралы шешім қабылданған. Шешімге байланысты жалғызбасты ана, жас отбасы, зейнеткер мен қарапайым жұмысшылар қоныстанған осы жатақхананың тұрғындары алдағы бір ай ішінде бұрыннан паналап келген орнын босатулары тиіс. Аз қамтылған отбасылар бұл талапты орындай алмаймыз деп отыр. Өйткені көбінің табысы 30-50 мың теңгеден аспайды. Хромтау қаласында пәтер жалдау 35-50 мың теңге аралығында. Ал жеке тұрғын үйлерде 25 мың теңге.
«Жатақханада тұрып жатқанымызға 9 жыл болды. Екі балам бар. Өзім 30 мың теңге жалақы аламын. Басқа табыс көзі жоқ. Қазір қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын. Қала әкімі Асқар Нұртазиннің қабылдауында болып едім, ол «ештеңе білмеймін» деп қысқа қайырды. Біз бұл үйде 7 мың теңге төлеп тұрамыз. Біз секілді табысы аз отбасыға бұл үлкен қамқорлық еді»,- деді жатақхана тұрғыны Гүлжанат Жалғасбаева.
Дөң кен байыту комбинатының басшылығы тұрғындарды жинап, жатақхананы бір ай ішінде босатуды талап еткен. Әлеуметтік жағдайын айтқан тұрғындарға зауыттың қонақ үйіне барып, ақшасын төлеп тұру да ұсынылды.
«Мен зейнеткермін. Жатақханада 1998 жылдан бері тұрамын. Дөң кен байыту комбинатында 17 жылдан бері жұмыс істеймін. Өз күшіммен, өз еңбегіммен жүрген адаммын. Маған кім көмек береді? Зейнетке шықсам да жұмыс істеуге тура келеді. Мен 12 сағат жұмыс істеймін, 8 сағатыма ақы төлейді. Шаршаймыз, үндемейміз. Зейнеткерді шығарып жібере ме деген үреймен жүрмін»,- деді Қарлығаш Шүренова.
Бұл жатақхананың тұрғындары далаға түнеуге бекініп отыр. Тіпті «ағаш үй тігіп бер, далаға қонамыз» деген ұсыныстарын жергілікті билікке жеткізіп үлгерді.
«Ит секілді шығарып жібергісі келеді. Бұл не масқара? Зейнеткерлер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады. Қонақ үйде 14 бөлме бар, ақысын төлеп тұрыңдар деді. Ол не деген сөз? Бірнеше жыл бойы апатты деп айтып келе жатыр. Сол кезден бастан шығарып, оларды баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлауы керек еді. Ал олар күні бүгінге дейін адамдарды шақырып, орналастырды. Кейін бір күнде жиналыс өткізіп, «шығыңдар» деп отыр. Бұл үйде 150-ге жуық бала бар. Олар ертең мектепке барады. Тамағымыз, киіміміз бар. Балама атасы ақша берген еді, ол маған беріп, «мама пәтерге төлеші» деп отыр. Мен жылап жібердім»,- деді жатақхана тұрғыны Әсия Абишева.
Айта кетейік, тұрғындар жеке сарапшы жалдап, жатақхананы тексертуді жоспарлап отыр. Олар бұл жатақхана әлі 10-15 жыл қызмет көрсететіне сенімді.