ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен М.Тынышбаев атындағы ALT University базасында студенттерге арналған дағдарыс орталығы төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. 2026 жылы орталық Алматы қаласындағы білім алушыларды қолдау жүйесі аясында өз жұмысын жалғастырады.
Дағдарыс орталығы ALT University №1 Студенттер үйінде, Алматы қаласы, Мәуленов көшесі, 108 мекенжайында орналасқан. Орталық 50 орынға есептелген.
Орталық уақытша тұруды және қосымша әлеуметтік, психологиялық немесе консультациялық қолдауды қажет ететін студенттерге арналған. Көмекке Алматы қаласындағы кез келген жоғары оқу орнының студенттері жүгіне алады.
Уақытша орналастыруды қажет ететін студенттер көрсетілген байланыс телефондары арқылы Ахуалдық орталыққа хабарласа алады. Мамандар әрбір өтінішті жеке қарастырып, студентті өзі білім алатын жоғары оқу орнының жатақханасына орналастыру мүмкіндігін анықтайды.
— Егер жоғары оқу орны студентке жатақханадан орын ұсына алмаса, бос орын болған жағдайда студент уақытша тұру үшін ALT University базасындағы дағдарыс орталығына орналастырылуы мүмкін. Орналастыру өтініш қаралып, жауапты мамандармен келісілгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл тәсіл студентті тұрақты тұратын орны анықталғанға дейін уақытша баспанамен қамтамасыз етуге және оның оқу процесінің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Дағдарыс орталығында студенттердің жайлы тұруына, оқуына және күнделікті тұрмысына қажетті жағдайлар жасалған. Орталықта оқу және тұрмыстық аймақтары бар тұрғын бөлмелер, ас үй модульдері және қажетті жиһаздар қарастырылған. Сонымен қатар санитариялық-гигиеналық бөлмелер, спорт залы және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық пункт жұмыс істейді.
Студенттер орталықта болған кезеңде психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау ала алады. Барлық өтініштер құпиялылық қағидаттары мен жеке тәсіл негізінде қарастырылады. Байланыс телефондары: 7 700 950 95 28, 7 727 237 01 70.
Бұған дейін студенттердің 85 пайызы жатақханамен қамтылғанын жазғанбыз.