Алайда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде ондай жоспар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осыдан екі-үш жыл бұрын біз жатақханалардың типтік жобаларын әзірлеген болатынбыз. Ондай баспананың құны арзан болмайды. Себебі әрбір бөлмеде дәретхана мен жуынатын орын қарастырылған. Онсыз болмайды. Сондықтан қазіргі жобаларды өзгерткен орынсыз деп ойлаймын. Әрине, жатақханаларды салу қажет. Себебі халықты баспанамен қамтамасыз ету керек. Дегенмен, ондай жатақханаларда барлық жағдайлар болуы шарт», - деді құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шарушылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде жатақхана мен тұрғын үйдің бағасы арасында көп айырмашылық жоқ. Дегенмен, жатақхана бөлмесі пәтерден шағын болғаннан кейін халық тарапынан ондай құрылысқа деген сұраныс жоғары болады. «Бізде жатақхана салу жоспары жоқ. Алайда жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер ондай құрылысты қолға ала алады. Сосын жоғары оқу орындары да қазіргі типтік жоба бойынша жатақхана саламыз деп жатыр», - деп атап көрсетті Жайымбетов.
Айта кетейік, Азат Перуашев Мәжілістің жалпы отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша дәретханасыз және асүйсіз пәтер салуды ұсынған болатын. Сол арқылы бөлмелер аумағы үнемделіп, арзан баспанамен қамту жұмысы жанданады деп есептейді халық қалаулысы. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 428 350 азамат пәтер кезегінде тұр.