***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше елордада «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және білікті ықпал ету - табысты мектепке бастар қадам» деген тақырыпта білім беру қызметкерлерінің республикалық педагогикалық тамыз кеңесі болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты. Пленарлық отырыста алдымен сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы ұсынған жаңа экономикалық саясат бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыру үшін орта білім беру саласын жаңғыртуды талап ететіндігіне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда адами капиталды даярлау білім беру арқылы шикізатқа деген тәуелділіктен құтылуға, экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға өзіндік ықпал беретін болады. Алайда, министр білім беру практикалық қолданысқа емес, теорияға негізделетінін баса айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің білім беру жүйесі біліктілікті арттыруға негізделген. Сондықтан да жаңа білім беру моделі оқушылардың жағдайды бағалауға және саралауға, сондай-ақ функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Осы жайында «Ұстаз - ұлт ойының діңгегі» атты көлемді мақалада толық берілген. Бас басылымда «Бес басты қатер» атты сараптамалық мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Әлемде қалыптасқан бүгінгі экономикалық, саяси және әлеуметтік тәуекелдерді ескере келіп, Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы «таяу арадағы екі жыл ішінде әлемдік экономика және бизнес ахуалын елеулі өзгеріске ұшыратуы мүмкін» бес басты қатердің тізімін жариялады. Бұл қатерлердің әрқайсысы ең жоғары - 25 балл бағамен белгіленді.
Сөйтіп, EIU болжамы бойынша әлемдік экономикаға басты қатер мыналар болып белгіленді:
- 5. Әлемдік экономиканы тұрақсыздандыратын лаңкестік қатері.
Бұл қатердің деңгейі: 12.
Сирия және Ирак аумағында құрылған «Ислам мемлекеті» бүкіл әлем бойынша адамдарды лаңкестік оқиғаларға тартуда. «Егер лаңкестік шабуылдар одан әрі күшейетін болса, ол тұтынушыларға және бизнеске ерекше ықпал етіп, америкалық және еуропалық рыноктарды елеулі күйзеліске ұрындыруы мүмкін» деп атап көрсетілген EIU есебінде.
- 4. Халықаралық қаржы саясатындағы әртектілік валюта рыногының тұрақсыздығына әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 16.
Федералдық қор жүйесі биылғы жылы негізгі ставканы көтермек. Осының салдарынан қаржылық жағдайы әлсіз елдер жоғары бюджет тапшылығын көретін болады. Сонымен бірге, олардың қатарына бюджеті шикізат тауарларының экспортына тікелей байланысты елдер де қосылады. Оған Түркия, ОАР, Ресей және Венесуэла мемлекеттері кіреді. Осы қатерлер жайында білгіңіз келсе, мақаланы қарап шығыңыздар.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, жоғары оқу орнын таңдау, құжат тапсыру жұмысы бітісімен, жатақхананың жыры басталады. Шалғайдан білім іздеп, оқуға келген студенттің барар жер, басар тауы жатақхана екені белгілі. Алайда жатақхана жалпыға бірдей жеткіліксіз. Жатақхана таба алмай сандалған студент ақырында пәтер жалдауға мәжбүр. Бұдан бөлек, әр университеттің жатақханаға белгілеген өз құны бар. Бұл баға студенттің қалтасын көтере ала ма?
«Алдымен еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнына қоңырау шалып көрдік. Алғашқы болып, республикадағы ірі ЖОО-ның жатақханаларының құнын білуге тырыстық. Сонымен... Кейбір жатақхананың жылдық бағасы 20-30 мың теңге аралығында. Жылына 4 мың теңге ғана алатын университет те бар екен. Ол - Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Мәліметтерге сүйенсек, ең қымбат жатақхана Сүлеймен Демирел атындағы университетте. Ондағы жатақхананың жылдық ақысы 175 мың теңге. Бағасы жоғары университеттердің қатарында КИМЭП те бар. Онда 1 семестр (4 ай) тұрған уақыт үшін 135 мың теңге төлеуің керек. Т.Рысқұлов атындағы ҚЭУ жатақханасының жылдық бағасы 120 мың теңге»,-деп жазады басылым.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде де шамамен солай, мұнда айына 12 500 теңгеден келеді. Сонда 9 айға 112 500 теңге. Ал аймақтардан келген студенттер үшін мұндағы жатақхана айына 6 500 теңге. «Серпін - 2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскендерге жатақхана ақысы айына 2 514 теңге. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің жатақханасына тұрғың келсе, 10 айға 105 мың теңге төлейсің. Алматыдағы ҚБТУ жатақханасының құны айына 15 мың теңге, яғни оқу жылының 9-10 айында 135-150 мың теңгеге барады. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне қарасты жатақхананың бағасы - жылына 60 мың теңге. Ал Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің 1-курс студенттері мен «Серпін - 2050» бағдарламасымен оқитындар үшін жатақхана тегін беріледі екен. Бұл жайында « Жатақхананың жылдық бағасы қанша?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда « Құрамада кімдер ойнайтын болды?» деген мақала жарияланды. Юрий Красножан жетекшілік ететін Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлік штабы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Чехия және Исландия құрамаларымен өткізетін матчқа шақырылған футболшылардың тізімін жариялады. Сонымен, Қазақстан Ұлттық құрамасына қандай футболшылар шақырылды? Қақпашылар: Сергей Бойченко («Ордабасы»), Стас Покатилов («Ақтөбе»), Андрей Сидельников («Ордабасы»). Қорғаушылар: Берік Айтбаев («Атырау»), Елдос Ахметов («Астана»), Абзал Бейсебеков («Астана»), Марк Гурман («Қайрат»), Ермек Қуантаев («Қайрат»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Сергей Малый («Ордабасы»), Ғафуржан Сүйімбаев («Ордабасы»), Дмитрий Шомко («Астана»).
***
«Экспресс-К» газетінде « Бес обреза » атты материал берілген. Шымкенттік сот алты жыл бұрын өзінің қатарласын өлтірген 24 жасар Қ. Бахтиярұлына 10 жарым жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Осы жылдар бойы жасырынып жүрген.
2009 жылдың сәуірінде 18 жасар Қалын Бахтиярұлын шымкенттік лицейлердің бірінің оқушылары соққыға жығып, тонап кеткен еді. Ол достарын жинап, ренжіткендерді кездесуге шақырады. Осы кездесуге барардың алдында ол өзімен бірге шолақ мылтықты да ала шыққан екен. Көп сөзге келместен Қалын оқ атып, екі жігітті жаралайды, кейіннен олардың бірі көз жұмады. Осыдан кейін Қ. Бахтиярұлы алты жыл бойы жасырынып, көз жұмған жігіттің ата-анасына тұрақты түрде ақшалай көмек жіберіп отырған. Құрбан болған жігіттің әкесі Қалынды кешіргенін және оны қылмыстық қудалаудан босатуды сұраған. Осыдан кейін ол полицияға өз еркімен келген екен...