«Жаттанды» оқуды қою қажет - Б. Жұмағұлов

АСТАНА.  24 тамыз. ҚазАқпарат -  Биыл ҰБТ нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқай да төмен болды.

Бұл туралы бүгін Астанада «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» республикалық педагогикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысы барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Қатысушылардың 36 пайызы «шекті» деңгейден өте алмады, ал былтыр тек 10 пайыз болатын. Бұның себебі неде? Біріншіден, ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізуге талап күшейтілді. Бұл тестілеудің барынша әділ өтуін қамтамасыз етті»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, екіншіден, тест мазмұны жаңартылды. Оған «оқып, білу», «жаттау», деңгейіндегі тапсырмалар ғана емес, ойлап, шешуді қажет ететін логикалық тапсырмалар енгізілді. Логикалық тапсырмалар көбірек қиынға түсті. «Мысалы, математика бойынша бітірушілердің 63 пайызы жауап бере алмаған. Осылдардың бәрі мектептегі білім беру сапасының жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетті. Сондықтан, мұның түпкі себептерін анықтап, нақты шаралар қабылдау керек»,-деді Б. Жұмағұлов.

Министрдің пайымдауынша, біріншіден, «жаттанды» оқуды қою қажет. Жаттанды оқудың орнына пәндерді жүйелеп оқытуға көшкен жөн. «Бұған жол беруге болмайды. Өйткені, ол мемлекеттік білім беру стандартына және оқыту сапасына кері әсер етеді. Осы орайда алдағы уақытта жаңа тестілерде мұндай тапсырмадар болмауы тиіс»,-деп атап өтті ведомство басшысы.