Жаттықтырушылар табысы артуы мүмкін: заң жобасы Сенатта

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасында жаңартылған энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруды көздейтін келісімді қарап, туристік саланы және балалар спортын қолдау көзделген заңды пысықтайды.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Алдымен палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітіледі. Айта кетерлігі, бұған дейін аталған комиссияға Мәжілістен Марат Башимов, Мұрат Ергешбаев, Снежанна Имашева, Үнзила Шапақ кіретіні белгілі болған еді.

Мұнан кейін сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Мәжіліс 28 қаңтарда қабылдаған бұл келісімге 2024 жылғы 12 қарашада халықаралық климаттық COP-29 форумы аясында қол қойылған. Ол тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Келісімнің мақсаты – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, энергия өндіру мен жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Құжат аясында жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар мемлекетаралық ынтымақтастық аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ЖЭК саласындағы ең ауқымды жобалардың қатарына жатады, - деген еді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов төменгі палатада талқылау барысында.

Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының аумағында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердің таңдалуы жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетімен, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялау мүмкіндігінің болуымен негізделген. Барлық жоба қажет энергетикалық инфрақұрылымды құруды, оның ішінде электр желілеріне қосылу объектілерін салуды және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді көздейді.

Мұнан бөлек, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы пысықтайды.

Бұған дейін Мәжіліс қабылдаған түзетулер ішкі туризмді дамытуға, туристік саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған

«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңға уәкілетті органның:

  • ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін туристік өнімге кіретін билет бағасын субсидиялауға құқылы туристік өнімге;
  • келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығындарын субсидиялау мөлшеріне;
  • туристерді орналастыру орындарын, визит-орталықтарды салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуге қойылатын талаптарын анықтау құзыреттерін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізілді.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққанда қаржыландыру стандарты қабылданады. Бұл әр спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 000 теңгеге дейін арттыруға жол ашады. Қазіргі орташа көрсеткіш — 233 000 теңге.

Сондай-ақ жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен мұғалімдерінің жалақысын көтеру жоспарланған. Ол біліктілік сынағынан өткен және оқу процесін ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сәйкес жүзеге асыратын мамандарға жаттықтырушылық және оқытушылық біліктілігі үшін үстемеақы енгізу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, санаты жоқ жас жаттықтырушының/мұғалімнің жалақысы 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін артады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында депутаттар келесі заңдарды қарап, мақұлдады:

  • «2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»
  • «2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы».

Бұл заңдар Қырғыз Республикасы аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық нысандарға – «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорттық-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығына – Қазақстан Республикасының меншік құқығын реттеуге және айқындауға бағытталған. Сонымен қатар жалпы ауданы 58,8 гектарды құрайтын осы нысандар орналасқан жер телімдерін жалға алу шарттарын өзектендіру көзделген.

Фото: Кабар

Сондай-ақ сенаторлапр «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады

Заң 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында қол қойылған келісімді ратификациялауға бағытталған. Келісімнің мақсаты - тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайту немесе жою арқылы тараптар арасындағы тауарлар саудасын ырықтандыру және оңайлату, сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимылды қолдау.

- Келісімнің тауарлық қамтылуына әр тараптан 367 тауар қалыптасқан. Өз кезегінде Қазақстанның экспорттық мүддесі толықтай қамтамасыз етілген. Моңғолия азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіптік тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастайды. Еліміз үшін экономикалық тиімділіктеріне тоқталсақ, моңғол тарапының тарифтік жеңілдіктері республикамыздың Моңғолияға экспортының 92 пайызын қамтиды. Нәтижесінде, отандық бизнес импорттық кедендік баждарды төлеу кезінде үнемдеуге қол жеткізеді. Тарифтік қорғау деңгейінің төмендеуі қазақстандық жеткізілімдерді ұлғайтуға қолайлы жағдай жасай отырып, олардың Моңғолия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, - деді сенатор Әлібек Нәутиев.