Жауапкершілікпен, төзіммен әрекет ететін уақыт туды – ардагерлер кеңесінің төрағасы

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген ауыр індетті ауыздықтау – осы күнгі басты мәселе. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жауапкершілікпен, тәртіппен, төзіммен әрекет ететін уақыт туды. Елбасы күллі Қазақстан жұртшылығын Мемлекет басшысының және Үкіметтің қабылдаған шешімдеріне құрметпен қарап, қолдау көрсетуге шақырды. Осындай қиын кезеңде елдегі ірі кәсіпкерлер шамасы келгенше аурумен күресу жолына көмек көрсету қажеттілігін айтты. Арнайы қор құру туралы ұсыныс білдіріп, ондағы жиылған қаражат аурудың алдын-алу жұмыстарына бағытталу керектігін жеткізді», - дейді Ж.Мәуленқұлов.

Оның айтуынша, қамқорлық көрсетуге дайын тұратын түркістандықтар қашанғы әдетінен танбай, Елбасының үндеуіне қолдау білдіріп, Арыс оқиғасы кезінде қажетке жараған «Түркістан» қорына кәсіпкерлер қаржылай көмектерін аудара бастаған.

«Басқа сала мамандары да қол қусырып қарап отырмай, бір күнгі жалақыларын сол қорға табыстады. Бұл үрдістің әлі де жалғасын жемісті табарына мен сенемін.

Біз, осылайша қанымызға сіңген қастерлі қасиетіміз арқылы, жұдырық болып жұмылып, бұл індетті ауыздықтай алатынымызға сенемін. Сонымен қатар, барлық Қазақстан жұртшылығын игілікті іске атсалысуға шақырамын!», - деп түйіндеді ол.