Жауапты министрліктер балаларды буллингтен қорғау бойынша жұмысты күшейтуі қажет - Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Жазғы демалыс кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алуға тартылған барлық қызметтер мен бөлімшелердің іс-қимылын нақты үйлестіру қажет. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері әкімдіктермен бірге балалар мен жастар көп жиналатын орындарда патрульдеуді ұйымдастырып, мектеп бітіру іс-шаралары кезеңінде, балалар орталықтары мен сауықтыру ұйымдарына полиция қызметкерлерін бекітіп қоюы қажет. Балалар лагерьлерінің жетекшілерімен, нұсқаушылармен және тәрбиешілермен қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалушыларды эвакуациялау және құтқару бойынша жаттығулар өткізіңіздер. Жазғы демалыс кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түседі. Кәмелетке толмағандарды қылмыс тұзағына тартатындарға бұлтартпас жаза қолдануды қамтамасыз ету қажет. Қоғам мен әлеуметтік желілердегі кез келген дабылға дереу жауап беру керек, - деді О. Бектенов.

Оның пайымынша, балалардың цифрлық қауіпсіздігі ерекше назар аударуды талап етеді.

- Оқу-ағарту, Ішкі істер және Ақпарат министрліктері балаларды интернет-алаяқтықтан, буллингтен, құқыққа қайшы контенттен және өзге де деструктивті әсерден қорғау бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірге 1-ші маусымға дейін су айдындарын, жағажайларды, бассейндерді және туристік аймақтарды тексеріп шықсын. Құтқару жабдықтарының болуын қамтамасыз етіп, персоналды алғашқы көмек көрсету және құтқару дағдыларына оқытуды ұйымдастырсын, - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, оқушылардың жазғы демалысы орталықтарына полиция инспекторлары бекітілді.