Жауын-шашын көбейеді: Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық қалай

Фото: Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу мақсатында Түркістан облысында кешенді дайындық шаралары күшейтілді.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биылғы көктемде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады.

Ведомство мәліметінше, Түркістан облысы су тасқыны қаупі орташа деңгейдегі өңірлер қатарында тұр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Қазіргі таңда өзендерде мұз кептелістері тіркелмеген, су деңгейі қалыпты режимде. Бұл факторлар қыс-көктем мезгілін бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Фото: Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті

— «Қазгидромет» орталығының болжамына сәйкес, ақпан айында ауа температурасы -3,8 бен +4,1 градус аралығында құбылады. Жауын-шашын мөлшері облыстың көп бөлігінде климаттық нормаға жуық, ал таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан жоғары болуы ықтимал. Осыған байланысты су тасқыны қаупі бар аумақтарда алдын алу шаралары жеделдетілді, — деп мәлімдеді облыстық ТЖД.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында барлығы 42 су қоймасы жұмыс істейді. Оның 16-сы республикалық, 22-сі облыстық, ал 4-еуі жеке меншікке тиесілі. Су қоймаларының орташа толу деңгейі 59 пайызды көрсетті. Сондай-ақ облыс аумағындағы 120 өзенде, оның ішінде 5 ірі өзенде су деңгейі орташа деңгейден төмен қалыптасқан.

Фото: Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Су тасқыны қаупін азайту мақсатында «2025-2026 жылдарға арналған қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар жоспары» бекітілген. Жоспар аясында 12 іс-шара көзделіп, бүгінгі таңда оның 8-і толық орындалған. Қалған жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

— Төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін өңірде 1000-нан астам құтқарушы, 120-дан аса арнайы техника, жүзу құралдары, су сорғыш қондырғылар және эвакуацияға арналған көліктер толық дайындыққа келтірілген, — деді ведомство өкілдері.

Фото: Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Инженерлік қорғаныс бағытында бірқатар нақты жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар автожол көпірлеріне күрделі жөндеу жүргізілді, Боралдай өзенінің қорғаныс дамбасы бетонданды, Келес өзенінің арнасы нығайтылды. Ал Мақтаарал ауданында ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, автожол өткелдері кеңейтілді.

Сонымен қатар, су тасқыны қаупі бар учаскелерді ұзақ мерзімді қорғау мақсатында 22 іс-шараны қамтитын «2026-2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы жол картасы» әзірлену үстінде.

Фото: Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Сала мамандарының айтуынша, көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге бағытталған барлық жұмыс тұрақты бақылауда, ал жағдайдың өзгеруіне байланысты жедел шешім қабылдауға қажетті ресурстар толық қамтамасыз етілген.

Бұдан бұрын 5 облыста су тасқынына қарсы күрес шараларын күшейту қажет болып тұрғанын жазған едік.