Жауын-шашын мен дауыл: Алматыда коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі қосымша күш пен техниканы әзірледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті жерлерде су жиналып, су басу қаупінің алдын алу және қажет болған жағдайда оның салдарын жедел жою үшін құрамында 416 жол жұмысшысы бар 70 жедел бригада кезекшілікке шықты. 252 арнайы техника, 48 мотопомпа және 18 ассенизаторлық машина дайын тұр.

Ассенизаторлық машиналар су басуы мүмкін учаскелерге алдын ала орналастырылды. Сонымен қатар 2,4 мың құм салынған қап дайындалды.

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, 1 қазанда сағат 18:00-ден кейін Алматыда қарқыны 1-2 мм болатын аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. 2 қазанға қараған түні және сағат 09:00-ге дейін кей уақытта қарқыны 2-4 мм жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін.

- Жауын-шашын кезеңінде қала қызметтерінің кезекшілігі күшейтілді. Алматы қаласының Құтқару қызметі бір ассенизаторлық машина мен 15 мотопомпа дайындады. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 240 адам, 53 арнайы техника және 54 мотопомпа жұмылдырылады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Кезекші бригадалар су жиналуы мүмкін учаскелерді бақылауда ұстамақ. Қажет болған жағдайда суды сорып шығару және жергілікті жерлерді су басудың алдын алуға бағытталған басқа да жұмыстар жедел жүргізіледі.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтілетінін жазғанбыз.