ЖӘУКЕ БАТЫР НАЗАРҒҰЛҰЛЫ

Жәуке Назарғұлұлы (1822-1904) - белгілі батыр, қолбасшы, Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрес басшыларының бірі. Орта жүз Арғын тайпасы Төлек руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданда дүниеге келген.

Жәуке жастайынан өр мінезді, намысқой, дұшпанына қатал болып өскен. 1838 жылы Жәуке батыр Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы қазақ ханы Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Жәуке батырдың басқаруымен әскери сарбаздары бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алған. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығымен сенімділігі арқасында Кенесары Қасымұлы Торғай жағалауында қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі.

Жәуке батыр Кенесары Қасымұлының сарбаздарының отаршылдармен қақтығыстарында, Ресей үкіметінің жандайшабы Ахмет Жантөрин отрядына қарсы 1844 жылғы соғыста Ресей патшасының әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Екатеринск стансасына шабуыл кезінде ерекше көзге түскен. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген.

Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде Жәуке батырдың есімі аталып, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген.

Туған жері Сарыторғай ауылында Жәуке батырдың ескерткіші, Амангелді ауданының орталығында Иман, Жәуке және Қошқар батырларға мемориалдық-композициялық ескерткіш қойылған. Амангелді ауданы орталығындағы бір көше Жәуке батырдың есімі аталады.

1994 жылы қазан айында Сарыторғай ауылында Жәуке батыр Назарғұлұлының 175-жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді.

Дерек көздері:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том;

Қостанай облысының энциклопедиясы.