ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жуырда ҚР Ұлттық ұланының жауынгерлері Ақтау қаласында суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалды.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 тамыз күні кешкісін орын алған. 6656-әскери бөлім сарбаздары, кіші сержант Джаббор Гапаров, қатардағы жауынгер Асыл Асқаров полиция қызметкері Әділбек Нұрбосыновпен бірге Каспий маңында қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген. Кенет олар теңіз жағасынан көмек сұрап, айқайлаған екі адамның дауысын естиді. Сол бойда теңіз жағасына жеткен олар суға батып бара жатқан ер адамды көреді. Джаббор мен Асыл ойланбастан құрал-жарағын Әділбекке беріп, көмекке ұмтылды. Ер адамды құтқарып, жағаға алып шықты. Жедел жәрдем келгенше, су жұтып, зәресі ұшқан адамға алғашқы медициналық көмекті де көрсетті.
Батылдығы үшін Д.Гапаров пен А.Асқаров марапатқа ұсынылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).