Жаяу жүргіншіні қағып кеткен қостанайлық полицей сотта жауап береді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылған тәртіп сақшысына қатысты қылмыстық іс Қостанай қалалық сотында қаралады, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.

Қайғылы оқиға 2017 жылғы 1 қазанда сағат 06.35 шамасында, Курганская көшесінде болған. 32 жастағы «Киа Рио» маркалы автокөлігінің жүргізушісі 23 жастағы Қостанай қаласының тұрғынын қағып кеткен. Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Көлік рөлінде қалалық ІІБ қызметкері отырған.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кезінде полицей жұмыстан тыс уақытта болған және көлік ішкі істер басқармасына тиесілі емес. Полицейге қатысты қызметтік тергеу аяқталды.

Ол ҚР ҚК 345 («Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы») және 347-бабы («Жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету») бойынша айыпталуда. Осы іске қатысты сот отырысы 4 сәуірде өтеді.