Жайдақбұлақ орта мектебіне қоғам қайраткері Сейдахмет Босқынбаевтың аты берілді - Алматы облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарын қайта атау туралы» №883 қаулысына сәйкес, Райымбек ауданының «Жайдақбұлақ орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі - «Райымбек аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Сейдахмет Босқынбаев атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

Сейдахмет Босқынбаев 1904 жылы Алматы облысы, Кеген ауданындағы, Меркі ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1916 жылы төрт айлық қазақ ауылдық мектебін бітіреді. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен танылған С.Босқынбаев «Қосшы» одағының ауылдық ұйымының төрағасы қызметін атқарады. 1930 жылы партия қатарына өтеді.

1927-1929 жылдары Кеген ауданындағы Торайғыр ауылдық кеңесінің төрағасы, 1929-1931 жылдары аудандық Жер комитетінің төрағасы, 1931-1933 жылдар аралығында Жер бөлімінің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарады. 1933 - 1934 жылдары Кеген аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, одан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етеді. 1935 - 1936 жылдары Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1936 жылы Алматы облысы, Бөрлітөбе аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарады. Отыз үш жасында Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып бекітіледі.

Деректер С.Босқынбаевтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен ел мүддесі жолында мұраттас болғанын көрсетеді. Бірақ, бұл жағдай 37-ші жылғы зобалаңда жазықсыз ұсталып, түрмеге жабылуына себеп болады. Арыстай азаматқа Кеген ауданында қызметте жүргенінде Жандосовтың үзеңгілес серігі болғаны кінә болып тағылады. Өйткені, О.Жандосов бұл кезде «халық жауы» болып «қара тізімге» іліккен еді.

КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының анықтамасында Сейдахмет Босқынбаевтың 1958 жылы ақталғандығы туралы мәлімет келтірілген.