«Жайық» футбол клубы Қазақстанның екінші лигасында ойнайтын болды

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – «Жайық» футбол клубы Қазақстанның екінші лигасында кәсіби деңгейде ойнауға мүмкіндік беретін ресми лицензияға ие болды.

Клуб директоры Дамир Қалақовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі кезде команда алдағы маусымға дайындалу үстінде.

Оның сөзіне қарағанда, лицензия алу – клуб үшін үлкен жетістік. 

- Біз барлық талаптарға сай болу және команданы кәсіби деңгейде ойнауға дайындау үшін ауқымды жұмыс атқардық. Енді алдымызда жаңа міндеттер тұр және біз оларды орындауға дайынбыз, - деді Д.Қалақов.

Бас бапкер Вячеслав Невольниковтің айтуынша, жақын арада команда Түркістан қаласына 20 күндік оқу-жаттығу жиынына аттанады. Онда бірнеше бақылау матчтары өткізіліп, негізгі құрам жасақталып, ойындық тактика толық пысықталатын болады.

- Лицензия – кәсіби футболға қадам басуымыздың айғағы және біз сенімді ақтауға дайынбыз. Команда жоғары мақсат қойып отыр, әрбір ойыншы өз рөлін түсінеді және біз әр ұпай үшін күресуге дайынбыз. Жанкүйерлер қызықты әрі тартысты ойын тамашалай алады, - деді команда капитаны Бауыржан Омаров.

Клуб сонымен қатар ресми логотипті таңдау бойынша жанкүйерлер арасында халықтық дауыс беруді өткізуді қолға алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңа футбол клубы құрылғанын жазған болатынбыз.