АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан Қазақстан чемпионы «Жайық» клубы Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандық маман Виктор Козиктің шәкірттері бастапқы кездесуін «Ports Authority» (Шри-Ланка) командасымен өткізді.
Тартысты өткен бірінші партияда Шри-Ланка волейболшылары 25:22 есебімен басым түсті. Дегенмен бұдан кейін «Жайық» жігіттері жинақтала білді – 25:14, 25:16, 25:15. Қорытынды есеп – 3:1, «Жайықтың» пайдасында.
Оралдық команда ертең «HDC» (Мальдив) клубымен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» волейбол клубының Орталық Азия чемпионатында бақ сынайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).