АСТАНА. KAZINFORM — Оралдың «Жайық» клубы Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында волейболдан өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында үшінші ойынын өткізді.
Қазақстандық маман Виктор Козиктің шәкірттері бұл жолы жергілікті «HDC» (Мальдив) клубымен шеберлік байқасты.
Қазақстан чемпионы матч тағдырын үш партияда шеше білді – 3:0. Осылайша, Орталық Азия чемпионатында жеңіліссіз келе жатқан батысқазақстандық клуб 21 шілде күні «Help SC» (Непал) командасымен кездеседі. Содан кейін «Бішкек» (Қырғызстан) клубымен ойнайды. 23 шілде күні қорытынды матчтар өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Орталық Азия чемпионатында «Жайықтың» жергілікті команданы жеңгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).