Жайықта су деңгейі көтеріліп, Атырау-Орал автожолында қозғалысқа шектеу қойылды
15:53, 15 Мамыр 2024
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты А-28 Атырау-Орал автожолының 5-67 (Атырау қаласы-Махамбет аудан) шақырымы аралығында көлік қозғалысына шектеу қойылған.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны хабарлады.
«Қазіргі сәтте Атырау-Индер бағытымен балама жол арқылы қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», - делінген хабарламада.
Осыған дейін Жайық өзенінің су деңгейі Атырау облысының 2 ауданында қауіпті белгіден асып кеткенін хабарлаған едік.
Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атыраудағы балалар ауылында кезекшілік қойылды.