Жайық өзеніндегі су деңгейі Махамбет ауданында 10 метрден төмен түсті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Жайық өзеніндегі су деңгейі Махамбет ауданында 10 метрден төмен түсті. Өзен арнасы Индер ауданы мен Атырау қаласында да төмендеп жатыр.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, су арнасында бірнеше күннен бері төмендеу көрсеткіші тіркеліп отыр. Мәселен, бүгін, 6 маусымда Жайықтың деңгейі түскі сағат 12:00-де Индербор кентінің тұсында 9 метр 8 сантиметр болған. Бірақ әлі де қауіпті шектен 63 сантиметрге көп.
Дәл осы уақытта Махамбет ауданындағы деңгейі 9 метр 99 сантиметрді құрады. Демек, бұл ауданда Жайықтың суы 10 метрден төмен түсті. Дегенмен, мұнда да қауіпті шектен 1 метр 49 сантиметрге артық болып тұр.
Жайық өзенінің суы Атырау қаласында да төмендей бастағалы бірнеше күн өтті. Қазір шаһардағы деңгейі – 5 метр 93 сантиметр. Мұнайлы шаһар тұсында қауіпті шек 5 метр 50 сантиметр екенін ескерсек, әзірге 43 сантиметрге асып тұрғанын байқаймыз.
Бүгін таңертең өзен арнасы Атырау қаласының маңындағы Жаңаталап ауылында – 2, ал, Еркінқала ауылының тұсында – 1 сантиметрге азайған. Осылайша, өңірдегі назарға алынған гидробекеттің бәрінде Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендегені тіркелді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқыны шарықтау шегінен өткенін хабарлаған болатынбыз.
Алайда, кеше Атырауда тасқын су 100 метрге жуық бөгетті шайып кетті.