Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласының тұсында 424 сантиметрге жетті
ОРАЛ. KAZINFORM – Жайық өзеніндегі су деңгейі Батыс Қазақстан облысындағы барлық гидробекетте көтеріліп жатыр.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 3 сәуір күнгі мәліметіне қарағанда, облыстың бас өзені Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсында бір тәулікте 5 см жоғарылап, 648 сантиметрге (қауіпті шегі – 1 мың см) жетті. Сондай-ақ Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 519 см (+8 см, қауіптісі — 1 мың см), Орал қаласында 424 см (+6 см, 850 см), Көшімде 411 см (+8 см, 850 см), Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 355 сантиметрді (+9 см, 1 мың см) көрсетті.
Өңірдегі басқа өзендердің көпшілігінде су деңгейі түскен. Тек Қаратөбе ауданында Қалдығайты, Шиелі, Бәйтеректе Рубежка өзендерінің кешегіден сәл жоғарылағаны байқалады.
Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне бұрынғыша секундына 15 текше метр ғана су жіберіліп жатыр. Бұл әдетте жазда босатылатын көлеммен бірдей.
– Биыл Жайық өзеніндегі тасқынның шарықтау шегі 10-20 сәуір аралығында болады деп болжанып отыр. Өзен деңгейі 450-550 сантиметр аралығында болмақ, - деді Kazinform тілшісіне «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі қалай көтеріліп жатқанын жазған болатынбыз.