ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында бір тәулікте 10 сантиметрге көтерілді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 25 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметіне қарағанда, Тайпақта су деңгейі 548 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Жайықтың басқа гидробекеттерінде судың түсуі байқалады. Атап айтқанда, Январцев ауылында 7 (880 см, қауіпті шегі – 1 250 см), Оралда 2 (859 см, қауіпті шегі – 850 см), Көшімде 1 сантиметрге (857 см) төмендеген. Көшім каналында деңгей бірқалыпты (825 см, қауіпті шегі – 800 см).
Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жайық өзенінің суы аудан аумағынан төменге өтіп жатқанын жеткізді.
«Жалпы жағдай қалыпты. Бөгеттерді нығыздау, биіктету жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді М.Сердалин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 280-нен астам әскери қызметшінің Оралдан Атырау облысына көмекке аттанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).