ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы гидробекетте бір тәулікте 19 сантиметрге көтерілді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 27 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Тайпақ тұсында су деңгейі 581 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Есесіне басқа гидробекеттерде Жайықтағы су деңгейі төмендеп келеді. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 864 (-8, қауіпті шегі – 1 250 см), Орал қаласында 851 (-4, 850 см), Көшімде 852 (-3, 850 см) сантиметрді көрсетті.
Облыстың басқа да өзендерінде су деңгейінің түскені байқалады. Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жайық суы бақылауда, ауданда жағдайдың қалыпты екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда облыстық жол қақ айырылып, су шайып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).