Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастады

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 476 сантиметрді көрсетті.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бүгін таңдағы мәліметі бойынша өткен тәулікпен салыстырғанда, қалада осы дерек өзгерген жоқ.

Тасқын басталғаннан бері облыс орталығындағы гидробекетте су деңгейі 317 сантиметрге көтерілді.

Облыстың бас өзені Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында бір тәулікте бірден 19 (574 см), Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 3 (541 см), Көшімде 1 (466 см) сантиметрге төмендеді. Тек Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында 4 (462 см) сантиметрге жоғарылағаны байқалады.

Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне бұрынғыша секундына 15 текше метр су жіберілуде.

- Жайықтағы су деңгейі осымен шарықтау шегіне жетті деуге болады, - деді «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайықтағы су деңгейі Орал қаласындағы гидробекетте 460 сантиметрге жуықтағанын жазған болатынбыз.