Жайық өзенінің деңгейі Атырау тұсында да төмендей бастады

Фото: Фото: Жедел штаб

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жайық өзенінің суы Атырау қаласының тұсында да төмендей бастағаны тіркеліп отыр.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Жайық өзенінің деңгейі Индер мен Махамбет ауданында күн сайын төмендеп жатыр.

Бүгін, 3 маусымда таңертеңгі сағат 08:00-де Индербор кентіндегі гидробекетте өзен суы 6 сантиметрге төмендеген. Бұл кентте Жайық суының деңгейі 9 метр 29 сантиметр болды. Мұнда қауіпті шек – 845 сантиметр. Демек, қауіпті шектен әлі де 84 сантиметрге артық болып тұр.

Махамбет ауданында да Жайық арнасы бірнеше күн қатарынан төмендеп келеді. Бүгін су деңгейі 5 сантиметр азайды. Қазір Махамбет ауылының тұсында 10 метр 6 сантиметр болды.

Жайық өзені Атырау қаласының аумағында да төмендей бастады. Мұнда бірнеше күн 6 метр деңгейінде сақталып тұрды. Өзен арнасы 1 маусымда кешкі мезгілден бері төмендегені байқалды.

Қазір мұнайлы шаһардағы гидробекеттегі су деңгейі – 5 метр 97 сантиметр. Сондай-ақ, Жаңаталап және Еркінқала ауылдарында Жайық өзені көтерілген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінің деңгейі Индер мен Махамбетте төмендеп, Атырауда көтерілмегенін хабарлаған болатынбыз.