«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филилалының дерегіне сүйенсек, кешеден бері Индер және Махамбет ауданында Жайықтың суы қауіпті шектен асып кетті.
Мәселен, бүгін, 6 мамырда таңертеңгі сағат 08:00–де Индербор кентінің тұсында өзен арнасының суы 884 сантиметрге жетті.
Мұнда қауіпті шек — 845 см. Демек, қауіпті шектен 39 сантиметрге көбейіп тұр.
Ал, Махамбет ауданында өзен арнасы қауіпті шектен 11 сантиметрге асқан.
Қазір Махамбет ауылының тұсындағы су деңгейі 861 сантиметр болды.
Жайық өзенінің деңгейі Атырау қаласында — 496 см.
Мұнайлы шаһар маңындағы Жаңаталап ауылында — 356, ал, Еркінқала елді мекенінде — 316 сантиметрді көрсетті.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Индерде — 15, Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұрғанын жазған едік.
Сондай-ақ, Атыраудың Индер ауданында 20 тонна азық-түлік қоры жасақталды.