Жайық өзенінің деңгейі Оралда 34 сантиметрге көтеріліп, қауіпті шекке жақындады
ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында бір тәулікте 34 сантиметрге көтерілді.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 20 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша қаладағы гидробекетте су деңгейі 828 сантиметрге жетіп, қауіпті шекке (850 см) таяп қалды. Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 899 ( 15, қауіпті шегі – 1 250 см), Көшімде 804 ( 16, 850 см), Тайпақта 504 ( 9) сантиметрді көрсетті.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
Сонымен қатар Жайыққа құятын Шаған өзенінің деңгейі Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсында 16 сантиметрге жоғарылаған (713 см, қауіпті шегі – 1 300 см).
Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, қазіргі таңда өзен жайылмаларында орналасқан саяжайлардан тұрғындарды көшіру жұмыстары жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының үйлеріне аман оралғанына шүкіршілік етіп отырғанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).