«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалынан мәлім еткеніндей, су тасқыны басталғаннан бері Жайықтың деңгейі жалпы 6 метрге көтерілді.
«Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 902 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұдан бұрын Ирикладан секундына 2 170 текше метр су босатылған еді. Қазіргі кезде қоймаға құйылатын су көлемі азаюда. Дегенмен сәуір айының екінші жартысында Жайықтың ірі саласы – Сақмар мен Ирикладан Батыс Қазақстан облысына мол су келеді деп болжанып отыр. Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 99,9 текше метр су түсуде. Шаған су қоймасындағы судың деңгейі – 29,51 метр. Шаған және Деркөл өзендерінің бойындағы гидробекеттерінде су деңгейінің төмендеуі байқалады. Филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты», - деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласы әкімдігі Жайық өзенінің жайылмаларында орналасқан саяжайлар мен бау-бақша серіктестігін су басу қаупі төнгенін хабарлап, тұрғындардың үйлерінен шұғыл кетуі керектігін тағы бір ескертті. Жайылмалардағы саяжайлар электр және газбен ажыратылған. Саяжай тұрғындары «Жекпе-жек» спорт кешені (Зачаган кенті, М.Мөңкеұлы көшесі, 114) және жоғары спорт шеберлігі мектебіндегі (Ә.Әйтиев көшесі, 72) эвакуациялық пункттерге орналаса алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзені бойында ұзындығы 40 шақырымнан асатын бөгеттер тұрғызылып жатырғанын жазған болатынбыз.