Өткен жылы ел чемпионы атанып, биыл қола жүлдеге ие болған батысқазақстандық клуб Азия құрлығындағы ең беделді жарыстардың біріне тыңғылықты дайындалу мақсатында Түркияның Анталия қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жаттығу жиыны мамырдың 9-на дейін жалғасады. Одан соң команда Индонезияға аттанады. Түркияда оралдық команда сапына шетелдік жоғары деңгейлі ойыншы қосылады.
Өткен жылы Виктор Козиктің шәкірттері Орталық Азия чемпиондар лигасында топ жарғаны белгілі.
Биылғы Азия чемпиондар лигасы жаңа форматта өтпек. Атап айтқанда, командалар жарысты бірден ширек финалдан бастайды. Жеңген команда жартылай финалға жолдама алады. «Жайықтың» алғашқы қарсыласы – Индонезия елінің мықты клубтарының бірі.
Құрлықтық додаға Жапония, Таиланд, Иран, Катар, Оңтүстік Корея және Индонезия мемлекеттерінің жетекші клубтары қатысады. Бұл – бәсекелестіктің жоғары болатынының дәлелі.
Жарыс 13 мамыр күні басталады. Турнир қорытындысында финалға шыққан екі команда 2026 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алады.
Өткен жылы Қазақстан атынан алғаш рет қатысқан «Ақтөбе» волейбол клубы топтық кезеңнен сүрінбей өткенмен, ширек финалда қарсыласына жол берген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» волейбол клубының Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері атанды.