«Жайық» волейбол клубы чемпиондық атағын сақтау үшін барын салады – бапкер
ОРАЛ. KAZINFORM – Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХIV Қазақстан чемпионатының алғашқы кіші туры 7-9 қазанда Орал және Түркістан қалаларында өтеді. Жаңа маусым қарсаңында Kazinform тілшісі ел чемпионы – «Жайық» волейбол клубының бас бапкері Виктор Козикке бірнеше сауал қойған еді.
— Виктор Юрьевич, жаңа маусымға дайындық қалай жүргізілді?
— Биыл Қазақстанда үздік шыққаннан кейін Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өткен Орталық Азия чемпиондар лигасында жеңімпаз атандық. Содан соң бәріміз демалдық.
Волейболшылардың алғашқы тобы 18 тамызда жаттығуды бастады. 25 тамызда біз де қосылдық. Ойыншылар әдеттегідей медициналық бақылаудан өтіп, денсаулықтарын қалпына келтірумен айналысты. Созылмалы жарақаттар да болды. Орталық Азия чемпионатында үздік ойыншы атанған Виталий Эрдштейнге ота жасалды. Қазір қалпына келу үстінде. Таяуда сапқа тұра ала ма, көреміз.
«Атырау» командасымен екі рет жолдастық кездесу өткіздік. Есеп — 1:1.
Өзіміздің қаламыздағы «Жайық арена» спорт кешенінде өтетін бастапқы турға барынша әзірміз деп айта аламын.
— «Жайық» волейбол клубының құрамында қандай өзгерістер болды?
— Қазақстандағы болашағы бар жас ойыншылардың бірі — Клим Рюховпен келісім-шартқа қол қойдық. Қазір ол жағажай волейболынан өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.
Сондай-ақ жас волейболшылардың ішінен үшеуін ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, орталық ойыншы Арнұр Шайдолла, екінші қарқындағы Даниил Сухарев, шабуылшы Мансұр Ізбасаровқа үміт арта аламыз. Күні бүгін олар 14 ойыншының қатарында шеберлігін шыңдауда.
Командада қос бірдей тәжірибелі байланыстырушымыз бар екенін айтқым келеді. Украиналық Володимир Ковальчук «Жайықта» қалса, Алматының «Буревестнигінен» Сергей Кузнецов алынды.
Михаил Моров «Атырауға» ауысса, тағы бір ресейлік Борис Фистюлев Әзербайжан клубымен келісім-шартқа қол қойды.
Басқа волейболшыларымыз өз орнында қалды.
— Чемпион болудан гөрі сол атақты сақтап қалу қиын деп жатады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
— Әрине, өте қиын. Өйткені командалар чемпионға қарсы бәсекеде барын салады. Басқа клубтардың құрамы да күшейтілді. Біздің алдағы маусымдағы мақсатымыз өзгерген жоқ, қалайда жүлделі орыннан көрінуді көздейміз.
«Жайықтың» ұлттық лигада сәтті өнер көрсетуіне байланысты Батыс Қазақстанда жақсы серпіліс пайда болды. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетеді. Ол үшін облыс және қала басшылығына алғысымды білдіргім келеді.
Біріншілікке қоса Қазақстан кубогының финалында және «Жайық аренада» өтетін супер кубок ойынында жеңіске жетсек дейміз.
Егер регламент өзгермесе, алдағы жылы мамыр айында Индонезияда өтуі тиіс Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғаймыз. Онда құрлықтың сегіз үздік командасы сынға түседі. Соның ішінде Жапония мен Иранның мықты клубтары бар.
— «Жайықпен» бірге Қазақстан ұлттық құрамасын да жаттықтырып келесіз. Оның алдында қандай міндеттер тұр?
— Ол жөнінде айту әзірге ертерек. Дегенмен Қазақстан жастар құрамасы 21 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, үздік 16 команданың қатарына кіргені белгілі.
Сондықтан Қазақстан волейбол федерациясы бапкерлік штабпен бірге ұлттық құрамаға жастарды көбірек тартпақшы. Мұндай қадам болашақ үшін де керек.
— Әңгімеңізге рахмет. Алдағы маусымда сәттілік тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бапкердің волейбол деңгейін көтеру үшін туған жеріне оралғаны жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жайық» командасы волейболдан Қазақстан чемпионы атанды.
Оралдың «Жайық» клубы Орталық Азия чемпионатында топ жарды.