АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері анықталды.
Қола жүлде үшін бәсекеде Виктор Козик жаттықтыратын Оралдың «Жайығы» мен «Атырау» клубы (бас бапкері Игорь Никольченко) екінші кездесуін өткізді.
Кеше оралдықтар 3:1 есебімен басым түскен болатын. Қос команда кешегі құрамды өзгерте қойған жоқ. Бұл жолы «Жайық» клубы үш сетте жеңіске жетті – 3:0 (25:22, 25:22, 25:20).
Осылайша, өткен жылы ел чемпионы атанған В.Козиктің шәкірттері биыл қола жүлдені қанағат тұтты. Ал 2025 жылы үздік үштікті түйіндеген атыраулықтар биыл жүлдесіз қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында алтын үшін таласта «Ақтөбе» алға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).