«Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Мамандардың бүгін таңмен берген мәліметі бойынша, Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су өңірімізге 20 сәуір күндері келеді деп болжануда. Таңертеңгі ақпарат бойынша, Жайық өзеніндегі судың деңгейі 776 сантиметр болды. Яғни, кешегі мөлшермен салыстырғанда 8 сантиметрге артқан. Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан облысымыздың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуацияланып жатыр», - деді ол орталық коммуникациялар өткен брифингіде.
Оның сөзінше, тасқын басталғаннан бері өңірде 13 614 адам, оның ішінде 5653 бала қауіпсіз жерге көшірілген. Облыстан су басқан учаскелердің тұрғындарына арнап 9 мыңға жуық адамды қабылдай алатын 161 уақытша паналау пункті әзірленген. Қазір соның 15-ін 2 189 адам паналап жатыр.
«Тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан 6 478 адам, 1 574 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 790 арнайы техника бар.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұлан тікұшақтарының экипажы дайын. Олар қажет болған жағдайда гуманитарлық көмекті жеткізіп, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізеді.
Облыста тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ, Электр желілері және Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін нысандар мен басқа да объектілерде тасқынға қарсы жұмыстар күшейтілді. «Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды су тасқынынан қорғау үшін бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдын ала қолға алынған», - деді Ерхан Таткен.