Жайықтағы су деңгейі Орал қаласындағы гидробекетте 460 сантиметрге жуықтады

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы гидробекеттен басқасының бәрінде көтерілді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бүгін таңдағы мәліметіне қарағанда, Жарсуатта бір тәулікте 3 сантиметрге төмендеп, 644 сантиметрді (қауіпті шегі – 1 мың см) көрсетті.

Ал Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 545 см (+ 2 см), Орал қаласында 458 см (+ 6 см), Көшімде 441 см (+ 5 см), Тайпақта 403 сантиметр (+ 9 см) болды. 

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Жарсуатта Жайық арнасы 339 см, Оралда 299 сантиметрге жоғарылады.

Ресейдің Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа бұрынғыша секундына 15 текше метр су жіберілуде.

Облыстың басқа өзендерінде тасқынның беті қайтты. Тек бірқатарында соңғы тәулікте су деңгейінің сәл-пәл өскені байқалады.

Өткен жылы Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті шегінен (850 см) асып, 864 сантиметрге жеткені мәлім. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласының тұсында 424 сантиметрге жеткенін жазған болатынбыз.