Жайықтан келер қауіп сейілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жайық өзені суының деңгейі қауіпті межеден 37 см-ге төмендеді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш айтты.

Фото: Қазгидромет

«Қазіргі уақытта БҚО бойынша жалпы жағдай тұрақталып келеді. Өйткені, кейінгі аптада Жайық өзені суы деңгейінің бөәсеңдегені байқалады. Соңғы тәулікте тағы да 7-8 см-ге дейін түсті. Қазіргі деңгейі – 8 метр 13 см. Ал қауіпті деңгейі 8 метр 50 см екенін жақсы білеміз. Сол себепті қазір өңірдің елді мекендеріне қауіп жоқ деп айта аламыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, облыста 2 елді мекенге жол қатынасы болмай тұр. 12 жолды су шайып кеткен. Бүгінде бұл жағдай бақылауға алынған. 

«Су тасқыны кезеңінде 14 078 адам эвакуацияланды, оның 5 813-і – 18 жасқа толмаған балалар. Облыс бойынша 12 эвакуациялық пукнтте 2 329 адам қалып отыр. Оның 1 011-і – балалар. Туған-туыстарында 7 390 адам орналасты. Эвакуакциялық пункттерден үйлеріне 4 359 адам қайтарылды», - деді Нұржан Төлеуіш.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылының тұсында 750 сантиметрге жеткенін жазған едік.