Жайықтың тасыған суы Орал-Көшім жүйесіндегі 4 қойманы 86 пайызға толтырды

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева елдегі су қоймаларының жағдай туралы соңғы мәліметтерді жариялады.

«Қазсушар» мекемесі Батыс Қазақстан филиалының мәліметі бойынша, аймақтағы су қоймалары үлкен көлемде су қабылдауға дайын. Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасы қарқынды түрде су жинап жатыр. Қазір оларда 224 миллион текше метр су жиналды. Бұл жалпы көлемнің 86%-ы. Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 863 сантиметр болып, бір тәулікте 1 сантиметр түсті.

«Қазсушар» мекемесі Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суды ұтымды пайдаланып, табиғи шабындықтар мен көлдерге жіберу үшін Орал-Көшім суару-суландыру жүйесін тазалап жатыр. Сондай-ақ, каналдардың су шайып кеткен тұстарын жедел қалпына келтіруде. Облыстағы тасқын жағдайы тұрақты күрделі», - дейді министрлік өкілі.

Ал Ақмола облысындағы Астана және Сілеті су қоймалары 100% толған, штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. «Альва» және «Кеңбидайық» суару жүйелері де 100% толған. Целиноград ауданындағы Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендері де кемеріне келіп, Қорғалжын қорығындағы Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілген.

Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100% толған. Аймақта тасқынның беті қайтқан жоқ. Сергеев су қоймасындағы бөгеттің жотасынан асқан судың биіктігі 337 сантиметр деңгейге түскен.

Есіл өзенінің Петропавл қаласындағы деңгейі 1279 сантиметр болып тұр. Яғни, жағдай әлі күрделі. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасы 97% толған. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Мөлдір Абдуалиева дәл қазір Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарынан басқа өңірлердің бәрінде тасқынның белсенді кезеңі өтті деген мәлімет келтірді.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасында жиналған судың орташа көлемі 82%-ға жеткен.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 57% толды. Өңірде тасқын жалғасуда. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5% толды. Бәрі де штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%-ға жетті. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. ШҚО мен БҚО-дан басқа өңірлердің бәрінде су тасқынының белсенді кезеңі өтті», - деді ол.