Жас төлдерге жаудай тиеді
Баянауыл ауданында жабайы доңыздың көбеюі жергілікті тұрғындар мен фермерлерді айрықша алаңдатып отыр. Жануарлар шабындықтар пен жайылымдарға зиян келтіріп жатыр. Жерді қопарып, шөп өскен алқаптарды бүлдіреді. Мұның салдарынан шабындықтар мен жайылымдардың жағдайы нашарлап, мал жаюға қолайлы жерлерге зиян келуде. Мәселенің ең алаңдатарлық тұсы – малға шабуыл жасау жағдайларының тіркелгені. Доңыздар жаңа туған төлдерді, оның ішінде бұзауларды жеп қойған.
-Егер мұндай жағдайлар жиілей беретін болса, мал шаруашылығымен күн көретін адамдар үшін бұл қосымша экономикалық шығынға соқтыруы мүмкін,- деп алаңдайды тұрғындар.
Жануарлардың соңғы уақытта елді мекендер маңында жиі бой көрсетіп, әсіресе туристік орындарды жағалап кеткені де байқалады. Көрікті өлкенің табиғатына тамсанып келетіндерге қауіп төнуде. Ұлттық парк аумағында мылтық атпақ түгілі, қару асынуға тыйым салынған. Сондықтан бұл жерде адамдардың қауіпсіздігі де өзекті мәселеге айналып келеді.
- Жабайы шошқалар жайылымдардың опыр-топырын шығарып жатыр. Жас талдарды тамырымен қиып, талқандап кетеді. Биыл жазда аптап ыстықтан шабындықтардың жағдайы қиындады. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, шалғынды жерлердің көбін доңыздардың үйірлері бүлдіріп кеткеніне талай мәрте куә болдық. Шалғай ауылдарда қаншама адамдар төрт түлік өсіріп отыр. Олардың айтуынша, жабайы жануарлардың көбеюі – үлкен мәселе. Ұлттық парк басшылығы мәселені білгенімен, ешбір шара қолданбай, немқұрайлы қарап отыр, - деп қынжылады жергілікті қоғам белсендісі Айбат Ыдырысов.
Фермер Аян Қожинның шаруашылығы ұлттық паркпен іргелес, Басшілік деген мекенде орналасқан. Шаруа иесінің айтуынша, доңыздың көбеюі мал өсіруге кәдімгідей кедергі.
- Түз шошқасының саны жылдам көбейетіні байқалады. Қолымдағы аз ғана қара малыма жаудай тиіп барады. Көктемде жаңа туған төрт бұзауды итше талап, жеп кетті. Өлген малдың жемтігін түгін қалдырмай жеп кетеді. Ауру тарата ма деп қауіптенеміз. Бұған қоса жылқыға шапқан жайттар да кездесіп отыр. Жасыбайдың маңындағы бір шаруаның биесін жарып кеткен. Қазір саны күрт өсіп, елді мекендерді жағалай бастағаны байқалады. Бара-бара адамнан қорықпай, шабуыл жасаса таңғалмаймыз. Оны аулатқызбайды, санын да реттемейді, - дейді фермер.
Табиғи тепе-теңдік бұзылуы ықтимал
Ұлттық парктің аңшылықтанушысы Бекзат Әкімбековтің дерегінше, ерекше қорғалатын аумақта шамамен 90 жабайы шошқа тіркелген. Негізі жануарлар Баянауыл жерін бұрыннан мекендейді. Алайда бұлайша күрт көбеюі соңғы жылдары алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған қасқырдың азайып кетуі себеп болуы мүмкін.
- Жабайы доңыздың көбеюі жергілікті табиғи тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Азық іздеу барысында орман төсеніші мен топырақтың үстіңгі қабатын қопарып тастайды. Бұл өсімдіктердің тамыр жүйесін бұзып, орманның табиғи түрде қайта түлеуіне кедергі келтіреді әрі жерге ұя салатын құстардың жұмыртқалары мен балапандарын жояды. Сондай-ақ ұсақ бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерді қорек етеді, - дейді ол.
Ұлттық парктің аға инспекторы, отандық туризм саласының үздігі Алтынбек Құрманов жабайы шошқалардың жерді қопарып, өсімдіктердің тамырын бүлдіруі олардың табиғи қоректену ерекшелігімен байланысты екенін жеткізді. Алайда жануарлар ауыл шаруашылығы алқаптарына жиі кіріп, жайылымдарды бүлдірсе, табиғи тіршілік пен шаруашылық жұмыстарының арасында мәселе туындайды. Баянауылдың тау-тасы толған дәруменді өсімдік. Түз жануарлары ала жаздай соны жеп, жонданып алған. Ал қыста қорек табу қиындаған шақта елді мекендерге жақындауы ықтимал.
- Бұлар соңғы жылдары Семей мен Қарқаралы жақтан қоныс аударып жатыр ма деп пайымдаймын. Семей ормандарында болған қалың өрттен кейін жайлы жер іздеп келуі мүмкін. Біздің ормандарымызда соңғы уақытта аңның небір түрлері көбейген. Тіпті біздің жерімізге тән емес түрлері де пайда болды. Жақында тайга ормандарында тіршілік ететін құну (росомаха) алғаш рет тіркелді. Құну – қауіпті жыртқыш. Жабайы шошқа да осал емес. Олардың көбеюі жергілікті табиғи үйлесімді бұзатыны анық. Олардың санын реттеу немесе қорғау мәселесі ғылыми негізде шешілуі керек. Бұған қоса паркке жақын орналасқан ауылдарда мал шаруашылығы дамыған. Жабайы жануарлардың жайылымға шығып, төлдерге қауіп төндіруі жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін ескеруді талап етеді, - дейді Алтынбек Құрманов.
Ал Баянауыл ұлттық паркінің басшысы Алмаз Жұмашев «Парк аумағында жабайы шошқалардың көбеюінен туындап отырған мәселе жоқ» деп сендіргісі келеді. Айтуынша, олардың саны аса көп емес. Орман ішінде жүргенімен, қарағай ағаштарына тиіспейді. Жаңадан егілген ағаштардың тамырын жұлу деректері де тіркелмеген.
- Бұған дейін орманшылар Көшет асуында, «Жасыбай» демалыс орнына жақын жердегі «Шайтансайдан» бірнешеуін ұшырастырған. Бірақ үйір-үйір жүрген шошқалар жоқ. Адамдар мен үй жануарларына шабуыл жасау деректері де тіркелген жоқ, - дейді ол.
Ертіс қаумалында да көбейген
Жалпы түз шошқаларының көбеюі бір ғана Баянауыл емес, облыстың барлық өңірінде байқалатынын жоғарыда айттық. Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің мәліметінше, Ертіс қаумалында 600-ден астам жабайы шошқа саналған. Бірақ бұл нақты сан емес. Ертіс өзенінің жайылмасы 450 шақырымнан асады әрі бұл аумақтарға үш орман шаруашылығы жауапты. Ендеше олардың нақты саны бір мыңның айналасына жетіп қалуы әбден мүмкін. Павлодар мен Ақсу қалаларындағы саяжай иелері жабайы шошқадан көп зиян шегетіндерін айтады. Жануарлар саяжайларды бүлдіріп, өсіп тұрған екпелерді жайпап кетеді. Алайда жергілікті билік те, орман мекемелері де бағбандардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау бағытында ешбір қадам жасамай келеді.
Реттеуге жататын жануарлар тізімінде жоқ
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким 2025 жылы Баянауыл ұлттық паркі аумағында доңыздардың тіркелмегенін айтады. Оның пікірінше, елді мекендер мен демалыс орындарының маңында жануарлардың жиі кездесе бастауы олардың жалпы санының күрт өскенін білдірмейді. Мұндай бағалау жүргізу үшін бірнеше жылдағы санақ нәтижелерін, сондай-ақ жануарлардың аумақ бойынша таралуы туралы мәліметтерді салыстыру қажет.
- Еліміз бойынша жабайы шошқаның көбейіп келе жатқанын жоққа шығармаймыз. 2022 жылы олардың саны 42 мыңдай болса, былтыр 59 151-ді құрады. Негізінен Қостанай, Ақтөбе, Алматы және Қызылорда облыстарында көп. Шығыс Қазақстан өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіру жағдайлары туралы ақпарат бар. Бұл жануарлар - табиғи экожүйелердің ажырамас құрамдас бөлігі және экологиялық тепе-теңдікті сақтауда өзіндік рөл атқарады. Алайда олардың белгілі бір аумақта шамадан тыс шоғырлануы қорек іздеу барысында топырақ пен өсімдік жамылғысының бұзылуына, ауыл шаруашылығы алқаптары мен жас екпелердің зақымдануына әкеп соғуы мүмкін, - деп қорытты сөзін Андрей Ким.
ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 44 және 45-баптарына сәйкес, жануарлардың санын реттеу халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және үй жануарларының ауруларының алдын алу, экономикаға келтірілуі мүмкін залалды болдырмау және биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында енгізіледі. Тиісті шараларды қабылдау үшін заңнамада көзделген негіздердің болуы қажет. Ал әзірше жабайы доңыздардың саны реттелуге жататын жануарлар түрлерінің тізбесіне кірмеген. Оларды тек аңшылық шаруашылықтарға бекітілген жерлерде аулауға болады. Оның өзіне лимит бекітіледі.
Жабайы доңыздан қалай қорғану керек?
Комитет өкілдері Баянауыл ұлттық паркі аумағында мекендейтін қабандарға қатысты шаралар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жануарлар дүниесі туралы заңнама талаптары сақтала отырып қабылдануға тиістігін ескертті. Бірақ ең әуелі адамдардың қауіпсіздігін ойластыру маңызды.
- Жануарларды тамақ қалдықтарына жақындауына, туристердің оларды қоректендіруіне жол бермеу керек. Ол туралы жергілікті инспекторлар мен демалыс үйлері келушілерді ақпараттандыруы тиіс. Жабайы қабандар мен олардың төлдеріне жақындауға, жануарларды қоректендіруге немесе қууға болмайды. Қабандармен кездескен жағдайда қауіпсіз арақашықтықты сақтап, олардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік берген жөн, - деп кеңес береді ведомство мамандары.
Егін мен бақша өнімдері жиналатын кезде доңыздар қорек іздеп, бау-бақшалар мен саяжай учаскелеріне кіруі мүмкін. Оларды көкөніс, жүгері және тамыржеміс дақылдары, піскен жемістер, сондай-ақ жәндіктердің дернәсілдері мен жауынқұрттарға бай топырақ қызықтырады. Сондықтан бау-бақша және саяжай учаскелерін жабайы қабандардан қорғау мақсатында берік қоршаулар орнату, электрлі қоршау жүйелерін, дыбыстық және жарық арқылы үркітетін құрылғыларды, сондай-ақ иісі өткір заттарды пайдалану ұсынылады.
Қабандардың иіс сезу қабілеті жақсы дамығандықтан, оларды үркіту үшін учаскенің периметрі бойына өткір иісті заттар қолдануға да болады. Сонымен қатар қозғалыс датчиктерімен жабдықталған жарық құрылғыларын, дыбыстық үркіткіштерді және өзге де қауіпсіз үркіту құралдарын қондырып қойса абзал.
Бұған дейін Ертіс қаумалында еліктердің қалай қыстап шығатыны туралы жазғанбыз.