Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон есебінен жүзеге асады. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр қала жұртшылығымен кездесу барысында айтқан еді.
«Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар салу керек. Сондай-ақ, балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек. Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Менің тапсырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша құрылыс қыркүйек айында басталады. Қазір инженерлік инфрақұрылымды ескере отырып, жобалар дайындалып жатыр. Содан кейін жерді сатып алу жұмыстары аяқталады. Құрылыс екі жолмен жүзеге асады: Samruk-Kazyna Construction бірыңғай операторы арқылы, ол ел бойынша мектептерді типтеуді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік формадан басқа, бағдарлама бойынша жұмыс істеуге дайын жеке компаниялар бар. Олар өз учаскелерінде мектептер салады, содан кейін оларды тиісті түрде қалаға береді. Алматыда осы бағдарлама аясында жоспарланған 22 мектептің 15-і Samruk-Kazyna Construction желісі бойынша, 7 мектеп жеке инвесторлардың күшімен салынады.
Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінен атап өткендей, жаңа форматтағы мектептердің көпшілігі Алатау, Наурызбай аудандарының әрқайсысында – 5, Бостандық ауданында – 4, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2, қалған аудандарда бір-бірден мектеп салу көзделген.
«Мектептер олардың тапшылығы байқалатын мекендерде салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептердің құрылысы 2023 жылдың қарашасында сараптамадан өткен соң басталады. Сондай-ақ, ағымдағы кезеңде қала әкімдігі мен бірқатар аудандардағы жер телімдерінің иелері арасында сегіз мектеп «толық құрылыс» жүйесі бойынша салынып, одан әрі пайдалануға беру туралы меморандумға қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесі.
Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бұл ретте мектептерге қажетті барлық материалдар, құрал-жабдықтар, тіпті жиһаздар да қазақстандық өндірістен болмақ.
«Жайлы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да қолайлы жағдай жасалады, жоғары жылдамдықты интернет жүргізіледі және бастауыш сынып оқушылары, жоғары сынып оқушылары үшін бөлек кіреберістер, сондай-ақ бөлек спорт залдары, асханалар орнатылады. Ең бастысы, мектептерде Face ID және QR-кодтарды қоса алғанда, есіктерді автоматты түрде құлыптаумен кіру және шығуды бақылау жүйесін енгізу жоспарланған. Мектеп әкімшілігі бүкіл ғимарат пен мектеп аумағындағы жағдайды нақты режимде қадағалап отыруы үшін міндетті түрде бейнебақылау жүргізілетін болады», - деп мәлім етті Алматы әкімдігінен.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын Үкімет 2022 жылы Президенттің «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» жолдауын іске асыру аясында қабылдады. Жобаның басты мақсаты – апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою. Республика бойынша алдағы 2 жылда 401 мектеп салу жоспарда. Ұлттық жобаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction»АҚ.